Республика күні қарсаңында Шет ауданына қарасты Ақжал кентінде жаңа гүлзар пайдалануға берілді. Мұнда тұрғындардың тынығуына арналған орындар жасақталып, орындықтар қойылып, 250 жас терек егілді. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бағдарламасы аясында жүргізілді.

Гүлзар аумағына қоқыс жәшіктері мен гүл егілетін құмыралар қойылып, биіктігі 20 метрлік ту тұғыры орнатылды. Алдағы уақытта демалыс орнының аумағын кеңейтіп, абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру көзделіп отыр.
Қарқаралы қаласының тұрғындары да экологиялық бастамаға белсене атсалысты.

Олар Тоқтар Әубәкіров атындағы орталық көшеге 50 жас шырша отырғызды.

Жыл басынан бері аудан аумағында 500-ден астам ағаш егілген.
Бұқар жырау ауданында да елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары қарқын алған.

Баймырза ауылдық округінде 200 ағаш отырғызылса, Шешенқара ауылында тағы 200 түп көшет егілді. Жалпы, жыл басынан бері аудан аумағы үш мыңнан астам жасыл желекпен толықты. Игі іске жергілікті кәсіпорындар мен тұрғындар да өз үлесін қосты.

— «Таза Қазақстан» — туған өлкеміздің тазалығына, табиғатын сақтауға және экологиялық қолайлы орта қалыптастыруға деген ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Бірлесе атқарған жұмысымыз арқылы бүгінгі және келер ұрпақ үшін таза, жасыл әрі көрікті аудан қалыптастыруға үлес қосып келеміз, - деп атап өтті Бұқар жырау ауданының өкілдері.
Елді мекендерді көгалдандыру көшелер мен қоғамдық орындардың ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың тынығуына қолайлы орта қалыптастыруға, қоршаған ортаның көркеюіне де ықпал етеді.
Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандары әкімдіктерінің мәліметінше









