Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Абай даңғылындағы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысының барысымен танысты.
Қала аумағының кеңеюі, халық санының артуы және көлік құралдары қозғалысының көбеюі жол инфрақұрылымын дамытуға, көлік қатынасын тиімді ұйымдастыруға деген қажеттілікті арттырып отыр. Осыған байланысты шаһардағы көлік қозғалысын оңтайландыру, негізгі көшелердегі кептеліс пен жол жүктемесін азайту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Абай даңғылы бойындағы теміржол үстінен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл жоба - шаһардың көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды бастамалардың бірі.
Көпір пайдалануға берілгеннен кейін Абай даңғылы арқылы қатынайтын автокөліктердің қозғалысы жеңілдеп, теміржол өткеліне байланысты туындайтын көлік кідірістерінің алдын алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар қаланың әр бөлігін байланыстыратын көлік қатынасы жақсарып, тұрғындардың діттеген жеріне кедергісіз әрі қауіпсіз жетуіне жағдай жасалады. Жоба аясында қарастырылған жаяу жүргіншілер өткелі де азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құрылыс барысын көрген шаһар басшысы көпірдің қала үшін стратегиялық маңызына тоқталды.
Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Әсіресе құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын, жұмыс қарқынының бәсеңдемеуін және тұрғындардың күнделікті тіршілігіне барынша қолайлы жағдай жасалуын тапсырды.









