Заңнаманың негізгі талаптары:
- «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының 33-бабы. Азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану талаптарын, оның ішінде заңнамада көзделген жағдайларда оларды тіркеу немесе есепке қою қажеттілігін белгілейді.
- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 706 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидаларының 1-тарауының 3-тармағы. Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді белгіленген тәртіппен тіркегеннен немесе есепке қойғаннан кейін пайдалану талаптарын айқындайды.
- Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидалары, 2017 жылғы 30 маусымдағы № 409 бұйрықпен бекітілген. Белгіленген талаптарға сәйкес азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді мемлекеттік тіркеу тәртібін реттейді.
- Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 220 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидалары. Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерін тіркеу тәртібін белгілейді.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларының 17-2-тармағы. Ұшқышсыз авиациялық жүйені пайдаланушының әуе қозғалысын басқару және оған қызмет көрсету жөніндегі тиісті органдармен өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығын белгіленген тәртіппен әзірлеуді және келісуді көздейді.
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 563-бабы. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзғаны үшін, оның ішінде заңнамада көзделген жағдайларда қажетті рұқсаттарсыз ұшуларды орындағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілейді. Айыппұл жеке тұлғалар үшін 10 АЕК және лауазымды тұлғалар үшін 20 АЕК құрайды.бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда-тиісінше 15 және 25 АЕК, құқық бұзушылық нысанасы тәркіленеді.
Құрметті азаматтар! Ұшқышсыз авиациялық жүйені пайдаланар алдында оның тіркелуіне немесе есепке қойылуына қойылатын талаптардың сақталғанына көз жеткізу, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалануға қажетті рұқсаттарды алу қажет.
Заңнаманы сақтау—ұшу қауіпсіздігі мен қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі!








