БАТЫРБЕК ӨТЕПТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ ДӘРІПТЕЛДІ

    1 / 8

    М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-да КСРО суретшілер одағының мүшесі, Ұлттық гобелен өнерінің негізін тұңғыш қалаған шеберлердің бірі Батырбек Өтептің туғанына 80 жыл толуына арналған «Батырбек Өтептің шығармашылық мұрасы: Дәстүр сабақтастығы және заманауи көркемдік ізденістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Іс-шара алдымен Батырбек Туғанбайұлының жеке көрмесінің ашылуымен бастау алды.

    Келушілер назарына суретшінің 30-дан астам туындысы қойылған көрме ұсынылды. Экспозициядан қылқалам шеберінің танымал шығармаларының бірі – «Түркі дастаны» триптих-гобелені де орын алды.

    Конференцияның салтанатты ашылуында ОҚЗУ Басқарма Төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйледі. Мұхтар Әділбекұлы белгілі тұлғаның гобеленнің хас шебері болғанын, бүгінгі конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Б.Өтептің шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа танытуда мұндай басқосудың маңызы өте зор.

    Іс-шара барысында Басқарма Төрағасы- ректор суретшінің жары Бибіайша Өтеповамен, суретшінің шәкірттерімен бірге «Батырбек ӨТЕП. Өнерге адал ғұмыр» кітабының тұсауын кесті.

    Сондай-ақ, жиында тұлғаның алғашқы шәкірттерінің бірі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Ералыұлы Б.Өтеп шығармаларын әлемдік деңгейде таныту керектігін, “Түркі дастаны” шығармасымен мақтануымыз керектігін айтты. Халықаралық конференцияда шетелдік қонақтар да онлайн форматта қатысып, Батырбек Өтептің шығармашылығына жоғары баға берді.

    Іс-шара одан әрі «Мәдениет және өнер» факультетіндегі секциялар мәжілісіне жалғасады. Онда Батырбек Туғанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасы, қазақ гобелен өнерінің қалыптасуы мен даму тарихы, тоқыма өнері: тарихы мен сабақтастығы тақырыбында іс-шаралар өтпек.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары