«БІР ҚАДАМ – БІР МАҚСАТ»: ШЫМКЕНТТЕ 500-ДЕН АСТАМ АДАМ МАРАФОНҒА ҚАТЫСТЫ

    1 / 9

    Салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Бір қадам – бір мақсат» атты спорттық шарасы өтті. Марафонға 500-ден астам қатысушы жиналып, денсаулықты нығайту мен белсенді өмір салтын ұстанудың маңызын көрсетті.

    SAYRAM PLANETA HOLDING және Орта Азия жоғары медициналық колледжі бірлесіп ұйымдастырған шарада тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және қоғамда денсаулыққа жауапкершілікпен қарау дәріптелді.

    «Бір қадам – бір мақсат» атауының өзі марафонның негізгі идеясын айқындап тұр. Әр қатысушының стартқа шығуы, жеке белсенділігі ортақ мақсатқа деген ұмтылыстың көрінісі. Марафон спортты кәсіби дайындықпен шектемей, оны күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналдыруға шақырды.

    Марафонның өтуіне 26 демеуші қолдау көрсетті.

    -“Бір қадам – бір мақсат” жай ғана спорттық жарыс емес, қоғамда денсаулыққа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Денсаулық сақтау саласының мамандарын даярлайтын оқу орны ретінде біз салауатты өмір салтын насихаттауды өз жұмысымыздың маңызды бөлігі деп санаймыз. Өйткені дені сау ұлт қалыптастыру медициналық көмекпен ғана шектелмейді, ол әр адамның өз денсаулығына саналы көзқарасынан, белсенді өмір салтын таңдауынан басталады. Бүгінгі марафонға қатысқан 500-ден астам адамның әрқайсысы осы ортақ мақсатқа өз үлесін қосты. Осындай игі бастамалар адамдарды біріктіріп қана қоймай, жастарға үлгі көрсетіп, қоғамда спорт пен денсаулық мәдениетінің орнығуына ықпал етеді. Біздің мақсатымыз білімді маман даярлаумен қатар, дені сау, жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыруға үлес қосу, – дейді колледж құрылтайшысы Дилрабо Жалтаева.

    Шараның негізгі ұстанымы «Жаңа Қазақстан – дені сау ұлтпен бірге!» деген ұранмен сабақтасты. Өйткені дені сау қоғам қалыптастыру спорттық іс-шаралар өткізумен ғана шектелмейді. Ол азаматтардың күнделікті әдетінен, өз денсаулығына деген жауапкершілігінен және белсенді өмір салтын таңдауынан басталатын міндет.

    Қала тұрғындарын ортақ мақсат төңірегінде біріктіріп, бұқаралық спорттың қоғамдық маңызын айқындаған жоба салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары