Ақтауда «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті

    1 / 3

    Ақтауда «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті

    Ақтауда №31 жалпы білім беретін мектепте «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру бастамасы аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, су ресурстары басқармасы, білім басқармасы және Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

    Дәріс барысында «Кендірлі» су тұщыту зауытының экологиялық жағдайы мен жұмысы таныстырылды. Зауыт теңіз суын кері осмос технологиясы арқылы тұщытуға негізделген. Бұл әдіс арнайы мембраналардың көмегімен судың құрамындағы тұздардың басым бөлігін бөліп алуға мүмкіндік береді.

    Оқушыларға «Каспий теңізінің экологиялық жағдайы», теңіз суының ауызсуға айналу кезеңдері, судың сапасын бақылау және оны тұтынушыларға жеткізу үдерісі түсіндірілді. Сонымен қатар суды күнделікті өмірде үнемдеудің маңызына назар аударылды.

    «Кендірлі су тұщыту» зауытының басшысы Мақсат Ибағаровтың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған дәрістің негізгі мақсаты – оқушыларға судың қалай алынатынын, тазартылып, тұтынушыларға қалай жеткізілетінін түсіндіру және су ресурстарын үнемдеудің маңызын ұғындыру.

    -Дәріс оқушылар үшін қызықты өтті. Олар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарымен танысты. Мұндай шаралар балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, суды үнемдеуге бағытталған заманауи технологиялар мен шешімдер туралы өскелең ұрпаққа түсіндіру маңызды деп есептеймін. Себебі экологияны жақсарту мен су қорын сақтау әрқайсымыздың табиғатқа деген жауапкершілігімізден басталады, – деді Мақсат Ибағаров.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы" жаңалықтары