Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелерімен кездесті
Бүгін, 16 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірден Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енген мүшелермен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары және алдағы міндеттер талқыланды.
Өңір басшысы Халық Кеңесі мүшелерінің қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу және азаматтардың қоғаммен байланысын жандандырудың маңызын атап өтті.
Осы орайда Нұрдәулет Қилыбай тұрғындар арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізуге, қоғамның өзекті сұрақтарын талқылап, азаматтарды толғандырған мәселелерге назар аударатын іс-шараларды ұйымдастыруды ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 126 адам енді. Олардың қатарында Маңғыстау облысының атынан «Саламатты Ел» қоғамдық қорының мүшесі Еділ Жаңбыршин, «Eco-social» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, журналист Алмас Алтай, мәслихат депутаты Раушан Аймұрзаева, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов және «ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес мекемесінің директоры Кирилл Осин бар.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









