ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ ҰСЫНУДА ӘЛЕУМЕТТІК МҰҚТАЖДЫҚ ҚАҒИДАТЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

    1 / 5

    Отырар ауданында тұрғындарға 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді ұсыну кезінде азаматтардың әлеуметтік мұқтаждығын бағалау қағидатын қолдануға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

    Жиынға ауыл округтерінің әкімдері, бөлімдер мен мекеме басшылары, әлеуметтік сала мамандары және аудан тұрғындары қатысты.

    Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, жүргізді. Ол әлеуметтік қолдау шараларын тиімді ұйымдастырудың, тұрғындарға мемлекеттік әлеуметтік көмектің жаңа тәртібін түсіндірудің және азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктерін дұрыс бағалаудың маңыздылығына тоқталды.

    Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Садыққызы баяндама жасап, жаңа тәсілдің негізгі бағыттарын түсіндірді.

    Кездесу барысында азаматтарды әлеуметтік А, В және С санаттарына бөлу тәртібі, аталған санаттарға жатқызу талаптары, әлеуметтік мұқтаждықты айқындау өлшемдері және әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде ескерілетін негізгі талаптар кеңінен түсіндірілді.

    Мамандардың айтуынша, әлеуметтік қолдау көрсету барысында азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайын ескеру, көмектің қажеттілігі мен нысаналы бағытын айқындау маңызды. Осыған байланысты жаңа қағидат халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға және қолдауды шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

    Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі, санаттарға бөлу талаптары және әлеуметтік мұқтаждықты бағалау мәселелері бойынша мамандардан нақты жауаптар алды.

    Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов әлеуметтік қолдау саласындағы өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жауапты сала мамандарына жаңа талаптарды халыққа қолжетімді әрі түсінікті түрде жеткізу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Темір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары