Отырар ауданындағы №1 жалпы білім беретін мектепте ішкі істер органдарының қызметін таныстыру, қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру және оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.
Салтанатты рәсім ішкі істер органдарында қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін өмірден өткен полиция ардагері Шындалиев Әкімбай Шындалыұлын еске алуға арналды.
Жиынға Түркістан облысы Полиция департаментінің басшылығы, Отырар ауданының әкімі, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері, мектеп ұжымы, оқушылар және марқұмның отбасы мүшелері қатысты.
Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен ішкі істер саласының ардагері Жұмахан Әбдіқадіров бастаманың маңызын атап өтті. Олар жас ұрпаққа құқықтық тәрбие берудің, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырудың және полиция қызметінің беделін арттырудың мәніне тоқталды.
Жиын барысында саптық рәсім өтіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалды. Қонақтар жаңа сыныптың жұмысына сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсімнің негізгі бөлігі оқушыларды «Жас сақшы» қатарына қабылдау және ант беру рәсіміне арналды. Жас сақшылар Отанға адал қызмет етуге, заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел тыныштығын қорғауға үлес қосуға ант берді. Оларға жас сақшы туы табысталып, сыныптың ашылу рәсімі өткізілді.
Қатысушылар мектеп фойесінде ұйымдастырылған полиция көрмесін тамашалады. Онда полиция қызметінің бағыттары, арнайы құрал-жабдықтар және құқық қорғау органдарының жұмысы туралы ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ оркестрдің орындауында музыкалық шығармалар шырқалды.
Мәжіліс залындағы концерттік бағдарламада мектеп оқушылары мен өнерпаздар патриоттық әндер орындап, сахналық көріністер ұсынды. Бағдарлама аясында «Отырар дастаны» қойылымы көрсетіліп, «Алға, қазақ жігіттері», «Атамекен», «Жалғызым қазақ», «Ерлердің ісі бітер ме», «Түркістаным – тұраным», «Қазақстан» әндері орындалды.
Шындалиевтер отбасы туралы бейнеролик көрсетіліп, Әкімбай Шындалыұлының өмір жолы мен ішкі істер органдарындағы абыройлы қызметі баяндалды. Ардагерлер мен отбасы мүшелері оның ел тыныштығын сақтау жолындағы еңбегін, адамгершілік қасиеттерін және кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегесін атап өтті.
«Жас сақшы» полиция сыныбында оқушыларға саптық дайындық, дене шынықтыру, құқықтық, патриоттық және эстетикалық тәрбие бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға және полиция қызметінің ерекшеліктерін таныстыруға басымдық беріледі.
Жаңа сыныптың ашылуы жасөспірімдердің бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, заңға құрметті, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама өскелең ұрпақ пен полиция қызметкерлері арасындағы байланысты нығайтып, құқық қорғау органдарының оң имиджін арттыруға ықпал етеді.
Салтанатты рәсім соңында қатысушылар ел тыныштығын, халықтың амандығын және тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы болуын тіледі.








