Маңғыстау облысында 5 қазаннан бастап «Қауіпсіз үй» профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Пробация қызметінің инспекторлары учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Рейдтік іс-шараларға Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қалалық және аудандық пробация қызметтерінің қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары қатысуда.
Мамандар есепте тұрған азаматтардың белгіленген талаптарды сақтауын және оларға жүктелген міндеттерді орындауын тексереді. Сонымен қатар азаматтармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, заң талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті бұзбаудың маңыздылығы түсіндіріледі.
Қайталама құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылады.
«Мұндай рейдтердің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін факторларды дер кезінде анықтау, профилактикалық жұмыстар жүргізу және қайталама қылмыстарға жол бермеу. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың белгіленген талаптарды сақтап, өз жауапкершілігін түсінуі маңызды», – деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бірлескен рейдтер «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде.
Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жалғасуда.









