«Астана-1» теміржол вокзалы: ашылар алдында нысанның қолжетімділігі тексерілді

    1 / 8

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласына ерекше конституциялық мәртебе берді. Елорда елдің даму бағытын айқындайды. Сондықтан қала инфрақұрылымының сапалы болуы және барлық адамға қолайлы орта қалыптастыру маңызды.

    «Астана-1» теміржол вокзалын қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беру қарсаңында нысанға бірлескен ұсынымдық тексеру жүргізілді. Оның мақсаты вокзалдың қолжетімділігін бағалап, нысан ашылғанға дейін мүмкін болатын кедергілерді жою жөнінде ұсыныстар беру.

    Тексеруге жергілікті атқарушы органдардың, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, мердігер ұйымның өкілдері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі және «Вездеходы» командасының өкілдері қатысты.

    Мамандар вокзалдың айналасындағы аумақты, оған кіретін жолдарды, кіреберісті, ғимарат ішіндегі жүріп-тұру бағыттарын, санитарлық бөлмелерді, перронға шығатын жерлерді және жүріп-тұруы қиын адамдарға арналған демалыс бөлмелерін қарап шықты. Сонымен қатар қабылдау орны мен теміржол кассаларының қолжетімділігіне назар аударылды.

    Әсіресе есіктердің ашылу ыңғайлылығы, сондай-ақ азаматтардың вокзал ішінде өздігінен әрі қауіпсіз жүріп-тұра алуы ескерілді.

    Аумақтық департамент мамандары нысанның қолжетімділігіне қатысты ұсыныстар берді. Мұндай бірлескен жұмыс тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға ескертулерді ескеріп, вокзал ашылғанға дейін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.

    2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Заңда белгіленген өкілеттіктерге сәйкес, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімді болуына қатысты сәйкестік туралы декларацияларды келісуге қатысады. Декларацияны қарау кезінде нысанның қолданыстағы қолжетімділік талаптарына сәйкестігі белгіленген тәртіппен бағаланады.

    2026 жылдың алғашқы тоғыз айында аумақтық департаменттерге қолжетімділік талаптарына сәйкестік туралы декларацияларды келісу үшін 562 өтініш түсті. Оның 147-сі (26%) келісілді, 259 өтініш бойынша (46%) бас тартылды. Қалған өтініштер қаралып жатыр.

    «Астана-1» вокзалындағы тексеру мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы», мердігер ұйымның және сарапшылардың бірлескен жұмысының маңызын көрсетті. Нысан ашылғанға дейін берілген ұсыныстар жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасап, болуы мүмкін кедергілерді алдын ала жоюға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары