ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіруді жалғастыруда. Жаңа тәртіп бойынша кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Яғни азаматтың қай санатқа жататынымен қатар, оның нақты өмірлік жағдайына да назар аударылады.
Қазір бірқатар мемлекеттік жәрдемақы әлеуметтік санатқа қарай тағайындалады. Мұндай жағдайда әлеуметтік мәртебесі бірдей отбасылардың табысы мен тұрмыс жағдайы әртүрлі болса да, бірдей көмек алуы мүмкін.
Мысалы, төрт баладан тәрбиелеп отырған екі отбасын алайық.
Дидардың отбасының тұрмысы жақсы делік. Өз баспанасы, қымбат көлігі, тұрақты жұмысы және жеке кәсібі бар. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, отбасы әлеуметтік жағдайы жоғары «А» санатына жатқызылған.
Ал Ерланның да төрт баласы бар. Бірақ оның отбасының жағдайы басқаша. Олар шағын пәтерде тұрады, ата-анасы жалдамалы жұмыста істейді. Қымбат мүлкі мен қосымша табыс көздері жоқ. Жалпы жағдайына қарай бұл отбасы әлеуметтік саламаттылық деңгейінің қанағаттанарлық «С» санатына жатады.
Көріп отырғанымыздай, екі отбасының бала саны бірдей болғанымен, тұрмыс жағдайы мен өз қажеттіліктерін өз бетінше өтеу мүмкіндігі әртүрлі. «А» санатындағы отбасы мемлекеттік көмекке аса мұқтаж болмауы мүмкін. Ал «С» санатындағы отбасы үшін жәрдемақы күнделікті шығындарын өтеуге едәуір көмектеседі.
Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттың бірі осындай айырмашылықтарды ескеріп, көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық деңгейі ескерілмек. Ол үшін Отбасының цифрлық картасы пайдаланылады. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы мәліметтер негізінде отбасының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Бағалау кезінде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспана жағдайы, мүлкі, кәсіпкерлік қызметі, несие міндеттемелері және жалпы тұрмыс деңгейі ескеріледі.
Осы мәліметтер негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді:
* «А» – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
* «В» – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
* «С» – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
* «D» – саламаттылықтың экономикалық жағдайы осал деңгейі;
* «Е» – саламаттылықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайы осал деңгейі.
Бұл ретте отбасының пәтері, көлігі немесе басқа да мүлкінің болуы оны автоматты түрде әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызбайды. Санат отбасының жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге бағалау арқылы анықталады.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау тәртібі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне қолданылады. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «А» және «В» санатындағы отбасыларға бұл төлемдер тағайындалмайды. Ал белгіленген талаптарға сай келетін «С», «D» және «Е» санатындағы отбасылар аталған қолдау түрлерін алу құқығын сақтайды.
Сонымен қатар республикалық бюджеттен төленетін қалған 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгермейді.
Жаңа тәсілдің басты мақсаты мемлекеттік көмекті әділ әрі нақты бағыттау. Яғни әр отбасының шынайы жағдайын ескеріп, қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бірінші кезекте жеткізу.









