Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізаты мен оны өңдеу арқылы алынатын өнімдердің экспортын ұлғайтуда. Әсіресе, жекелеген тауар түрлері бойынша экспорт өсімі жалпы экспорттың өсу қарқынынан едәуір жоғары.
Оның ішінде ерекше атап өтерлігі күнбағыс майы. Қаңтар–тамыз айларында экспорттық түсім 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн АҚШ долларына жетті. Ал өнім көлемі 35,9%-ға ұлғайып, 611,4 мың тоннаны құрады. Өткен жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдегі үздік алты елдің қатарына еніп, Қытай нарығына жеткізушілер арасында екінші орынға шықты. Сондай-ақ күнбағыс күнжарасын экспорттау бойынша Еуропалық одақ пен Қытайға өнім жеткізетін үш ірі елдің қатарына қосылды. Бұған қоса, Қазақстан Орталық Азия елдерінің осы өнімге деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.
Астық саласында да өсім қарқынды. Бидай экспорты 26,5%-ға артып, 1,25 млрд АҚШ долларына жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам астық жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,8%-ға жоғары.
Астықты терең өңдеу арқылы алынатын өнімдердің экспорты да артуда. Бидай және бидай-қарабидай ұны экспортының түсімі 36%-ға өсіп, 400 млн АҚШ долларын құрады. Ал өнім көлемі 22,8%-ға артып, 1,38 млн тоннаға жетті.
Экспорт қарқыны жоғары тауарлардың тағы бірі – зығыр тұқымы. Сегіз айда 2,3 есе өсіп, 387,8 млн АҚШ долларына жетті. Ал шетелге жөнелтілген өнім көлемі 2,5 есе ұлғайып, 780,8 мың тоннаны құрады.
Жануарларға арналған дайын жемшөп өнімдерінің экспорты да өсім қатарын толықтырып, 60,8%-ға артып, 577,6 млн АҚШ долларына жетсе, өнім 44,2%-ға ұлғайды.
Жалпы, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын жемшөп өнімдерінің экспорты 1,65 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы үш аталым бойынша экспорттық түсім 48%-ға артқан.
Бұл Қазақстан экспортының құрылымы біртіндеп өзгеріп, қосылған құны жоғары өңделген өнімдердің үлесі артып келе жатқанының айқын дәлелі. Яғни еліміз ауыл шаруашылығы шикізатын сыртқа сатумен ғана шектелмей, дайын өнімге айналдырып, халықаралық нарықтағы орнын нығайта түсті.









