Құтқарушылар күні қарсаңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз-туры ұйымдастырылды. Танымдық іс-шараға мектеп оқушылары мен еріктілер қатысып, құтқарушылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысты.
Баспасөз-туры барысында қатысушыларға заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылып, олардың мүмкіндіктері көрсетілді. Өрт сөндіру және құтқару жұмыстары тәжірибе жүзінде көрсетіліп, мамандардың кәсіби шеберлігі мен жедел әрекеті назарға ұсынылды.
Кинолог маман мен қызметтік ит Динка да өз мүмкіндіктерін көрсетіп, қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Ал интерактивті тақтада қауіпсіздік ережелерін үйретуге арналған, ТЖД маманы әзірлеген «Лабиринт» ойыны ұйымдастырылды. Оқушылар ойын арқылы білімдерін сынап, қауіпсіздік туралы түсініктерін толықтырды. Іс-шара барысында қатысушыларға қауіпсіздік ережелері бейнеленген тәтті кәмпиттер таратылды. Сонымен қатар өрт сөндіргішті дұрыс қолдану тәсілдері түсіндірілді.
Іс-шара аясында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың батылдығы мен ерлігін бейнелейтін суреттер көрмесі де ұсынылды. Көрме арқылы қатысушылар адам өмірін қорғауды мақсат еткен мамандық иелерінің еңбегімен танысты.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – қатысушылардың құтқарушыларға деген алғысын білдіруі болды. Балалар мен еріктілер алдын ала әзірленген, ізгі тілектер мен құрмет сөздері жазылған стикерлер арқылы бүгінгі күннің батырларына ризашылықтарын жеткізді.
Баспасөз-туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы түсірілім жүргізді. Танымдық кездесу өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құтқарушы мамандығына деген құрметін арттыруға және азаматтық қорғау саласының маңызын кеңінен танытуға бағытталды.
.









