Жамбыл облысында білім беру инфрақұрылымы жаңарып, жаңа мектептер пайдалануға берілді

    Жамбыл облысында білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірде 8 білім беру нысанының құрылысы аяқталды. Оның ішінде 3 мектеп пен 5 қосымша ғимарат бар. Сонымен қатар жарты ғасырдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмеген 6 мектеп жаңартылды.

    Тараз қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектептің тарихы 90 жылға жуықтайды. Бұрын білім ордасында спорт және акт залдары болмаған. Оқушылар асханаға бару үшін қыс мезгілінде сыртқа шығуға мәжбүр еді. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлініп, ескі мектептің орнына заманауи жаңа ғимарат салынды.

    Жаңа мектеп екі ауысымда 1 200 оқушыға дейін қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ асхана ғимараттың ішіне орналастырылып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалды.

    №27 орта мектеп директорының орынбасары Ардақ Ақпанбетованың айтуынша, жаңа ғимараттың сыйымдылығы бұрынғы мектеппен салыстырғанда екі есе жоғары.

    Ал Тараздағы №15 мектеп-гимназияда бұған дейін оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе болған. 550 орынға арналған білім ордасында 800 бала білім алуға мәжбүр еді. Қазіргі таңда оқушылар үшін жаңа спорт кешені, шығармашылық шеберханалар және заманауи жабдықталған асхана қарастырылған. Сонымен қатар 18 оқу кабинеті жасақталды.

    Білім беру нысандарын жаңарту жұмыстары мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да бағытталған. Биыл облыстық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлініп, 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Оқу кабинеттерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда.

    Облыстық білім басқармасының мәліметінше, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 80 мектептегі 207 кабинет толық жабдықталған. Оның ішінде химия және физика пәндеріне арналған кабинеттер де бар.

    Жалпы, облыста биыл 14 білім беру нысанын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 мектеп пен 5 қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. Қалған нысандардағы жұмыстар белгіленген мерзімге сәйкес жалғасуда.

    Жүргізіліп жатқан құрылыс пен жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген. Алдағы үш жылда облыста тағы 130 білім беру нысанын жөндеу жоспарланып отыр.

    Бұл бастамалар оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға, мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға және өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мойынқұм ауданының әкімдігі" жаңалықтары