Жамбыл облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы басталды. Қазіргі таңда өңірдің әлеуметтік нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлеріне жылу беріліп, отын қорын қалыптастыру және жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Бүгінде облыс аумағында 9 жылу энергетикалық кешені мен 590 автономды қазандық жұмыс істейді. Аталған нысандар арқылы 1 767 әлеуметтік нысан мен 1 855 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды. 8 қазаннан бастап Тараз қаласы мен аудандардағы әлеуметтік нысандарға, ал 12 қазаннан бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілді.
Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Жүргізілген жөндеу және жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді.
Биыл жалпы ұзындығы 29,3 шақырым жылу желілерін ауыстыруға 6,5 млрд теңге қарастырылған. Республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 11 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында 2,4 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 4,4 шақырым жылу желілерін ауыстыру бойынша 2 жоба іске асырылды. Бұл жұмыстар жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және желілердің тозу деңгейін төмендетуге бағытталған.
Әлеуметтік нысандарға көмір толық жеткізілді
Жылыту маусымына дайындық аясында облыс бойынша 191,1 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған. Оның ішінде 134,1 мың тоннасы тұрғындарға, 57 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.
Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандарға қажетті көмір толық көлемде жеткізілді. Ал тұрғындарға жоспарланған көмірдің 30,3 мың тоннасы жеткізіліп, бұл жалпы жоспардың 25,6%-ын құрады. Халықты көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары бүкіл жылыту маусымы бойы жалғасады.
Өңірде халық пен заңды тұлғаларға көмір сатумен 31 оператор айналысады. Қазіргі уақытта облыстың теміржол тұйықтарында 8,1 мың тонна көмір қоры бар. Оның 4,2 мың тоннасы Тараз қаласында орналасқан. Көмір сату орындарында кезектер байқалмайды.
Негізінен «Шұбаркөл» және «Қаражыра» маркалы көмір жеткізіледі. Бір тонна көмірдің бағасы 19–24 мың теңге аралығында. Ал шалғай ауылдық елді мекендерге жеткізу құнын қоса есептегенде, баға 21–27 мың теңгені құрайды.
Көмір жеткізу жағдайы бақылауда
Аудандар мен Тараз қаласының әкімдіктері көмір тапшылығы мен кезектердің алдын алу мақсатында тұрғындар арасында отынды уақытылы сатып алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы, облыста жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету, жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысын бақылау және тұрғындарды қажетті отынмен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Көмір жеткізу жағдайы тұрақты бақылауда.









