Шымкентте көркем гимнастикадан қала әкімінің кубогына арналған дәстүрлі ашық турнир өтіп жатыр. Сайыс көркем гимнастика кешенінде ұйымдастырылған.
Биылғы турнирге 3 жастан бастап 16 жастан жоғары жас аралығындағы 500-ге жуық бұрымдылар жиналды. Оның ішінде топтық жаттығуда 28 команда, ал жеке бағдарламада 300-ден астам гимнаст сынға түсуде. Жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен келген спортшылармен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген қонақтар да қатысып жатыр. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 15 қазан күні өтті.
Биылғы жарыстың жөні бөлек. Себебі шымкенттік бұрымдылар үшін бұл турнир – 26-31 қазан аралығында Шымкентте өтетін Қазақстан Республикасы чемпионатына іріктеу. Осы сайыстың нәтижесі бойынша спорт шеберлігіне кандидаттар және спорт шеберлері бағдарламалары бойынша қаланың екі құрама командасы жасақталады. Ал бәсекелестіктің мұншалықты жоғары болуы жас буынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені осы мектептің түлектері соңғы үш Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Шымкент қалалық көркем гимнастика федерациясының президенті Мүсілім Шаназаров турнирдің маңызын былай деп атап өтті:
«Бұл – дәстүрлі турнир. Ол 12 күннен кейін қаламызда өтетін республика чемпионаты қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Шымкенттік гимнасттар үшін бұл жарыс қала құрамасына өтудегі қатаң сынақ. Қатысушылар саны шектеулі, сол себепті бәсекелестік өте жоғары. Қыздарымыз осы сайысқа талай ай бойы дайындалды. Басты мақсатымыз – лайықты ізбасар тәрбиелеу. Себебі әр спортшының арманы – ұлттық құрамаға еніп, Қазақстанды халықаралық аренада таныту».
Жарыстың бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші Екатерина Огонян.
Төрт күнге жалғасатын турнир 13-16 қазан аралығын қамтиды. Жеңімпаздарды марапаттау және жарыстың салтанатты жабылу рәсімі 16 қазанға жоспарланған.
Айта кетейік, мұндай жарыстар Шымкентте жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіледі. Ол жас таланттарды анықтап, үлкен спортқа жол ашатын негізгі алаң болып отыр.









