Мамандық таңдау жастың болашағына әсер ететін маңызды шешімдердің бірі. Бұл таңдауға тек ҰБТ нәтижесі, грант саны немесе ата-ананың қалауы ғана емес, оқушының жеке қабілеті, қызығушылығы мен кәсіби бейімділігі де негіз болуы керек. Осы мақсатта Шымкентте NEET санатындағы жастарды қолдау және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған «Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясында бітіруші сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру іс-шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларымен таныстыру және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді дұрыс бағалауға бағыт беру. Кездесуге қаладағы 13 мектептің бітіруші түлектері қатысып, Шымкенттегі тоғыз жоғары оқу орнының өкілдерімен жүздесті. Сонымен қатар кәсіби бағдар беруші мамандар оқушыларға жеке қабілеттерін анықтау, мамандық таңдаудағы басымдықтарын айқындау және грант конкурсына дайындалу жөнінде кеңес берді.
Қалада 2025–2026 оқу жылында 16 032 жас мектеп бітірді. Олардың 763-і «Алтын белгі» иегері болса, 1 158 түлек үздік аттестат алды. Бітірушілердің 64,1 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Бұл көрсеткіштер мектеп бітірушілердің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі жоғары білім алу мүмкіндігін тиімді пайдаланып, болашақ кәсібін дұрыс таңдау екенін аңғартады.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұманның айтуынша, іс-шара оқушыларға жоғары оқу орындары туралы ақпарат берумен шектелмей, олардың кәсіби таңдауына қатысты бірнеше мәселені қатар қамтиды.
– Осындай көрсеткіштерді ескере отырып, біз бітіруші жастарға жол көрсету алаңын ұйымдастырып отырмыз. Қаламыздағы тоғыз жоғары оқу орнының мамандарын шақырып, олардың қандай білім беру бағдарламаларын ұсынатыны, қандай мамандықтар бойынша оқуға болатыны және талапкерлер үшін қандай мүмкіндіктер бар екені туралы ақпарат беруді көздедік. Ашық алаңда оқушылар университет өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Сонымен бірге кәсіби бағдар беруші мамандардың көмегімен өз қабілеттері мен қызығушылықтарын саралап, болашақ мамандығына қатысты бағыт-бағдар алады. Біз үшін тағы бір маңызды мәселе, грантқа түсу мүмкіндіктерін түсіндіру. Осы мақсатта ҰБТ нәтижесіне қарай талапкердің қандай жоғары оқу орындары мен білім беру бағдарламаларын таңдай алатынын анықтауға көмектесетін мамандарды да шақырдық. Яғни, оқушы бір жағынан өзінің кәсіби бейімділігін анықтаса, екінші жағынан жинаған балына сәйкес қандай мүмкіндіктері бар екенін біле алады, – дейді Жансерік Жұман.
Бұл жерде талапкерлерге мамандықтар тізімін таныстырумен ғана шектелмеді.⠀Оқушы алдымен өзінің кім екенін, неге қабілетті екенін түсініп, содан кейін сол қабілетін жүзеге асыра алатын білім беру бағытын таңдауы маңызды. Жиынға қатысқан кәсіби бағдар беруші Ақан Беспаевтың пікірінше, бүгінгі таңда жастардың мамандық таңдау мәселесі қоғам үшін маңызды тақырыптардың біріне айналған. Өйткені кейбір оқушылар өздерінің қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келмейтін мамандықтарды таңдап, кейін сол бағытта жұмыс істеуде қиындықтарға тап болады. Мұндай жағдайда мәселе тек мамандық таңдаудағы қателікпен шектелмейді. Ол адамның бірнеше жылдық білім алуына, кәсіби қалыптасуына және болашақ еңбек жолына тікелей әсер етеді. Жас маман жоғары оқу орнын тәмамдағанымен, таңдаған саласында жұмыс істегісі келмеуі немесе кәсіби тұрғыда өзін таба алмауы мүмкін.⠀
– Жалпы, кәсіби бағдар беру мен мамандық таңдау қазір өте маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Қаламызда ғана емес, еліміз бойынша да оқушылардың болашақ кәсібін қалай таңдайтыны жиі көтеріліп жүр. Кейде жастар мамандықты өзінің қабілетіне сәйкес таңдамай, басқа факторлардың ықпалымен шешім қабылдайды. Соның салдарынан университетті бітіргенімен, алған дипломы бойынша жұмыс істей алмайтын немесе өз саласында өзін таба алмайтын жастар кездеседі. Бүгінгі іс-шараның негізгі мәні де осында. Біз болашақта өз ісін білетін, таңдаған кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын сапалы мамандардың қалыптасуына ықпал еткіміз келеді. Қазір оқушылар ҰБТ-ға дайындалады, грантқа түсуге тырысады, жоғары оқу орнын таңдауға күш салады. Бірақ осының бәрінің арасында кейде ең маңызды сұрақ ескерусіз қалып жатады. Ол «Мен қай жерде мықтымын? Менің қолымнан қандай жұмыс жақсы келеді?» деген сұрақ. Көптеген оқушы мамандықты ата-анасының ықпалымен таңдайтынын айтады. Енді бірі әлеуметтік желілерде танымал болған кәсіптерге қызығады. Кейбірі гранты көп бағытты таңдап, сол мамандықтың өзіне қаншалықты сәйкес келетінін терең ойланбайды. Ал біздің міндетіміз әр оқушының бойындағы қабілетті ашуға, өзін тануына және соған сәйкес шешім қабылдауына көмектесу, – дейді Ақан Беспаев.
Маманның айтуынша, әр баланың бойында белгілі бір қабілет пен дарын бар. Алайда оны байқау үшін оқушының өзіне уақыт бөліп, қызығушылығын зерттеп, мүмкіндіктерін бағалауы қажет.
Сондықтан ең алдымен өзін тану керек. Адам өзінің неге қызығатынын, қандай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынын, қандай жұмысты ықыласпен орындайтынын түсінуге тырысуы қажет. Бұл сұрақтарға бірден жауап табылмауы мүмкін. Бірақ өзін зерттеуге деген қызығушылық пен ізденіс болса, көптеген мәселенің шешімін табуға болады. Қазір қабілетті анықтауға көмектесетін түрлі әдістер бар. Арнайы зерттеулерден өткен психометриялық тесттер мен сауалнамалар адамның бейімділігін саралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушымен жеке кеңес өткізу, ата-анасымен және мұғалімімен сөйлесу арқылы да оның қызығушылығы мен ерекшеліктерін тереңірек түсінуге болады. Ең бастысы баланың орнына шешім қабылдамай, оның өз мүмкіндігін танып, дұрыс таңдау жасауына жағдай жасау. ⠀
Кейбір ата-аналар баласының жалақысы жоғары салаға түскенін қаласа, енді бірі болашақта сұранысы азаюы мүмкін мамандықтардан сақтандыруға тырысады. Алайда кез келген саланың дамуы мен ондағы мүмкіндіктер адамның сол кәсіпті қаншалықты меңгергеніне де байланысты. Ақан Беспаев бұл мәселені мамандықтың атауынан гөрі, оны игерген адамның кәсіби деңгейімен байланыстырады.
– Ата-аналардан «Балам қай мамандыққа түссе, көп ақша табады?» немесе «Қай мамандық жойылып кетуі мүмкін?» деген сұрақтарды жиі естиміз. Әрине, еңбек нарығындағы сұранысты, болашақтағы өзгерістерді ескеру керек. Бірақ мамандық таңдауды тек жалақыға немесе грант санына қарап шешуге болмайды. Менің ойымша, мәселе университетке түсу немесе диплом алу ғана емес. Ең маңыздысы сол мамандықты меңгеріп, кейін өз саласында жұмыс істеп, кәсіби маманға айналу. Сондықтан «Қай мамандықта ақша көп?» деген сұрақпен қатар «Мен осы мамандықта жақсы маман бола аламын ба?», «Бұл жұмыс маған қызық па?», «Осы салада ұзақ уақыт еңбек етуге дайынмын ба?» деген сұрақтарды да қою керек. Өйткені адамның мансабы мамандық таңдауынан басталады, ал оның кәсіби қалыптасуы сол таңдаған ісіне деген ынтасы мен ізденісіне байланысты, – дейді ол.
Кәсіби бағдар беру, жастарға жол сілтеу бір реттік кездесу емес, олардың болашағын саналы жоспарлауына көмектесетін жүйелі жұмыс болуы керек. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту және NEET санатындағы жастардың санын азайту бағытында адамның білімі мен қабілетін нақты еңбек мүмкіндіктерімен ұштастыру маңызды. Адамның өз орнын табуына, қабілетін іске асыруына және қоғамға пайдалы маман болып қалыптасуына бастайтын жол.








