ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

    1 / 5

    Шымкентте «25 жылдық мұра: тарих және тағылым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

    Шымкент қаласындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде еліміздің әр өңірінен келген тарихшылар, архив қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары бас қосты. Музейдің құрылғанына 25 жыл толуына орай «25 жылдық мұра: тарих және тағылым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

    Жиынның негізгі мақсаты – музейдің ширек ғасырлық мәдени-ағартушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қорытынды жасау, тарихи оқиғаларды зерделеп, өткеннен тағылым алу. Осы жылдар ішінде музей саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректерді жинақтап, архив құжаттарын зерттеу және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыс атқарды.

    Конференцияға Шымкент қаласы мен Түркістан облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары қатысып, шараның мән-маңызын арттыра түсті. Олар үшін бұл – өткен тарих қана емес, отбасы тағдырымен сабақтасқан қасіретті кезең.

    Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев музейдің өңірдегі тарихи жадыны сақтау мен жас ұрпаққа тәрбие берудегі маңызын атап өтті.

    «25 жыл ішінде музей үлкен жолдан өтті. Бүгінде ол жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, руханият пен азаматтық тәрбие орталығына айналды. Сол бір ауыр кезеңдердің шындығын өскелең ұрпаққа жеткізу – қасиетті міндетіміз. Мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін тарихтан тағылым алуымыз керек», – деді ол.

    Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызы да тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызын атап өтті.

    «Халықтың тарихы тек жеңістерден ғана емес, ащы сабақтардан да тұрады. Жазықсыз жапа шеккен жүздеген мың қазақстандықтың есімі ұзақ уақыт бойы ұмыт қалды. Бүгінде олардың есімдерін тарихқа қайта оралтып жатырмыз. Бұл ретте зерттеушілер мен музей қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз», – деді ол.

    «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Ахметжанұлы Қасымов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

    «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қосымша санаттарын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі басты міндетіміз – архив қызметкерлерінің, заңгерлер мен тарихшылардың күш-жігерін біріктіріп, қуғын-сүргінге ұшыраған әрбір азаматты моральдық тұрғыдан ғана емес, құжат жүзінде де толық ақтау», – деді ол.

    Пленарлық және секциялық отырыстарда еліміздің жетекші зерттеушілері саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты баяндамалар жасады.

    Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «Әділет» республикалық қоғамы басқармасының мүшесі Сәуле Күлахметқызы Қожықова тарихи жадты өнер мен қоғамдық бастамалар арқылы сақтаудың маңызына тоқталды.

    «Қуғын-сүргін құрбандары туралы естелік архив құжаттарында ғана емес, өнер туындыларында да сақталады. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани мұра. Музейлердің маңызды міндеттерінің бірі – қоғамның ар-ұжданын ояту», – деді ол.

    Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Маханұлы Тұрсын өз баяндамасында қуғын-сүргін жылдарындағы өңірдің демографиялық және әлеуметтік шығындары туралы ғылыми деректерді ортаға салды.

    «Түркістан өңірі тоталитарлық жүйенің ауыр зардабын тартты. Архив құжаттары сол кезеңнің бұрын белгісіз болып келген қырларын ашып отыр. Олардың қатарында күштеп ұжымдастыру, ұлттық зиялы қауымды қудалау мен жою, жүздеген мың қарапайым шаруаның тағдырын талқандау секілді қайғылы оқиғалар бар. Біздің міндетіміз – әрбір адамның есімін анықтап, тарихқа қайтару. Тұтас халықтың басынан өткен қасірет ұмытылмауы керек», – деді ғалым.

    Конференция аясында қала әкімдігі мен серіктес ұйымдардың қолдауымен жарық көрген архивтік құжаттар жинақтары, монографиялар және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жазған естеліктер таныстырылды. Сондай-ақ ғалымдар мен архив қызметкерлері зерттеушілер мен көпшілікке қолжетімді деректер базаларын ұсынды.

    Ресми бөлімнен кейін қатысушылар секциялық отырыстарда тарихи орындарды музейлендіру, архив қорларын цифрландыру және тарихи-ағартушылық бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

    Конференция соңында қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңейтуге, қуғын-сүргін құрбандарын іздестіру жұмыстарын жандандыруға және мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қарар қабылдады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары