Қостанай облысының конькишілері ел чемпионатындағы маусымды сәтті бастады

    1 / 7

    Қостанай облысының құрама командасы конькимен жүгіруден Қазақстан Республикасының чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Еліміздің үздік стайерлері мен спринтерлері арасындағы жарыстар 2026 жылғы 13–15 қазан аралығында елордадағы «Алау» мұз сарайында өтті.

    Маусымның алғашқы жарыстарының қорытындысы бойынша қостанайлық спортшылар жеті медаль жеңіп алды. Оның ішінде екі алтын, бір күміс және төрт қола жүлде бар.

    Қостанай құрамасының басты жеңімпазы Вадим Якубовский болды. Ол ерлер арасындағы ең күрделі стайерлік қашықтық — 5000 метрде 6:41,19 нәтижесімен мәреге жетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Кейін Вадим Якубовский 1500 метр қашықтықта да табысты өнер көрсетіп, тартысты бәсекеде 1:51,76 нәтижесімен күміс медаль иеленді. Айта кетерлігі, осы қашықтықта Қостанай облысының тағы бір өкілі Андрей Семенов қола жүлдеге қол жеткізді. Ол командаласынан небәрі екі жүздік секундқа қалып, 1:51,78 нәтижесін көрсетті.

    Өңір қоржынына тағы бір алтын медальді Александр Кленко, Дмитрий Бичуркин және Дмитрий Осипенко құрамындағы ерлер командасы салды. Қостанайлық үштік командалық спринтте 1:24,10 нәтижесімен жеңіске жетіп, Астана (1:24,59) және Алматы (1:27,03) құрамаларын артта қалдырды.

    Спринтерлік қашықтықтарда бірнеше медаль жеңіп алған қостанайлық Никита Важенин де жарыстың үздіктері қатарынан көрінді. Спортшы екі рет тұғырдың үшінші сатысына көтерілді: алдымен ең қысқа 500 метрлік қашықтықта 36,04 секунд нәтижесімен, кейін 1000 метрде 1:11,29 уақыт көрсеткішімен қола медаль иеленді.

    Әйелдер арасындағы жарыстарда да Қостанай облысының спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді. Виктория Блохина, Алиса Казорина және Сати Баекина өңір қоржынына қола медаль салды. Алты айналымдық командалық жарыста қостанайлық конькишілер 3:33,72 уақыт көрсеткішімен мәреге жетіп, қола жүлдеге ие болды.

    Спортшыларды сәтті өнер көрсетулерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы" жаңалықтары