Заңды қайта бұзды: ШҚО-да автокөлікті айдап әкету және екі тонау қылмысы ашылды
Облыс орталығында криминалдық полиция қызметкерлері басқа облыстың 37 жастағы тұрғыны жасаған үш қылмысты — автокөлікті айдап әкету және екі тонау дерегін ашты.
Алдымен күдікті қаладағы үйлердің бірінің ауласында тұрған автокөлікті заңсыз айдап кеткен. Кейін көлік табылып, иесіне қайтарылды.
Одан соң дүкендердің бірінің маңында ол күш қолдану арқылы бейтаныс ер адамның ұялы телефоны мен 25 мың теңгесін ашық түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Кейін үйлердің бірінің ауласында тағы бір жәбірленушінің ұялы телефонын, қолсағатын және 5 мың теңгесін алып кеткен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам бұл қылмыстарды жасамас бұрын бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған. Бұған дейін де осыған ұқсас әрекеттері үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады. Өзгенің мүлкін ашықтан-ашық иемденгені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









