14 қазан күні Алматы қаласының Алма-Арасан шатқалында Мүгедектігі бар адамдар күніне орай дәстүрлі аудандық спартакиада ұйымдастырылды.
Әуезов ауданының мүгедектігі бар адамдар қоғамы ұйымдастырған спорттық шараға 40 қатысушы жиналды. Спартакиаданың басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды спортқа баулу, белсенді өмір салтын насихаттау, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау және өзара достық қарым-қатынасты нығайту.
Жарыс барысында қатысушылар дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, тымақ ұру және дартс спорт түрлері бойынша бақ сынады. Ерлер мен әйелдер арасындағы сайыстар тартысты өтіп, қатысушылар өздерінің шеберліктері мен спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті.
Спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар қатысушыларға арнап мерекелік дастарқан жайылып, жылы жүздесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны ұйымдастыруға Әуезов ауданының әкімдігі, аудандық мүгедектігі бар адамдар қоғамы, №18 қалалық емхана, «Жетісу» кафесі, «Цин Каз» компаниясы, «Самал» ауызсу өндірушісі, «Сладушка» кондитерлік цехы, «Алматы қаласының дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» МКҚК және «Сайран» автовокзалы қолдау көрсетті.
Аталған спартакиада спорттың адамдарды біріктіретін, өзара қолдау мен құрметті нығайтатын маңызды құрал екенін тағы бір мәрте көрсетті.









