Көлік министрлері халықаралық көлік дәліздерін дамыту және тасымалдарды цифрландыру мәселелерін талқылады

    1 / 10

    «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы аясында «Іс-қимылдарды үйлестіру, институционалдық даму және цифрландыру» тақырыбында көлік министрлері – делегация басшыларының кездесуі өтті.

    Іс-шараға делегация басшылары, көлік ведомстволарының басшылары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

    Дөңгелек үстел барысында қатысушылар халықаралық көлік дәліздерін дамыту, логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыру және көлік процестерін цифрландыру мәселелерін талқылады. Мемлекеттердің инфрақұрылымдық жоспарларын үйлестіруге, мемлекеттік шекаралардан өту кезінде туындайтын кедергілерді жоюға және цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды.

    Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов халықаралық көлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту тасымалдау процесіне қатысушылардың барлығының келісілген іс-қимылын талап ететінін атап өтті.

    «Біздің басты міндетіміз – көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және елдер арасындағы жүк қозғалысының кедергісіз жүзеге асырылуына жағдай жасау. Ол үшін кедергілерді жойып, халықаралық тасымалдарға қатысушылардың барлығының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін цифрлық шешімдерді енгізу қажет», – деді Жәнібек Тайжанов.

    Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар көлік саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен халықаралық тасымалдарды одан әрі дамыту жөніндегі практикалық шаралар туралы пікір алмасты.

    Талқылау елдер арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту тәсілдерін үйлестіруге және бірлескен шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары