Бүгін EXPO халықаралық көрме орталығында 29-шы Қазақстандық «Көлік және логистика» халықаралық көрмесі – TransLogistica Kazakhstan 2026 көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
Көрме халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Ол мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылардың басын қосады.
Биыл көрмеге әлемнің 20 елінен 230 компания қатысуда. Оның 101-і – қазақстандық, 129-ы – шетелдік компаниялар. Қатысушылар қатарында логистикалық операторлар, теміржол және порт инфрақұрылымының өкілдері, көлік және қойма техникасын өндірушілер, сондай-ақ IT-шешімдерді әзірлеушілер бар.
Биылғы көрменің ерекшеліктерінің бірі – 36 жаңа экспоненттің қатысуы. Сонымен қатар құрамына 700-ден астам компания кіретін Түрік қызметтер экспорттаушылары қауымдастығы көрмеге алғаш рет қатысуда. Сондай-ақ сала көшбасшыларымен кәсіби диалог орнатуға арналған «Әлемді алға жылжытатын адамдар» подкаст-аймағы алғаш рет ұйымдастырылды.
14–16 қазан аралығында көрме аясында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, логистикалық хабтарды қалыптастыру, қойма логистикасы және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне арналған іскерлік бағдарлама өтеді.
Бағдарлама аясында «Орталық Азия: жаңа логистикалық хаб» панельдік сессиясы, BreakBulk Kazakhstan III конференциясы, Қазақстанның қойма логистикасы жөніндегі V конференциясы және «New Silk Way» IX халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы өтеді. Сонымен қатар Expert Talks «FUTURE CHECK: Қазақстанның көлігі мен логистикасы – 2035» сараптамалық алаңы ұйымдастырылады.
Көрме Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және жетекші салалық ұйымдардың ресми қолдауымен өтуде. Ұйымдастырушылары – Iteca және «Атакент-Экспо» компаниялары, халықаралық серіктесі – ICA Events.
TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға, әріптестікті кеңейтуге және көлік-логистика саласындағы заманауи шешімдерді ілгерілетуге бағытталған.








