«Ауыл Телеком» ЖШС Ақмола облысында ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын орналастыруға арналған антенна-діңгекті құрылыстарды өз қаражаты есебінен салуды жоспарлап отыр. Бұл шалғайдағы ауылдарды қоса алғанда, ауылдық елді мекендерде интернетке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға «Ауыл Телеком» ЖШС мен Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы қол қойды.
Тараптар ауылдық жерлердегі байланыс сапасын жақсарту және тұрғындардың цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту бағытында бірлесіп жұмыс істейді.
Кездесу барысында компания өкілдері жобаны таныстырып, оны іске асырудың негізгі бағыттарын баяндады. Сондай-ақ тараптар инвестиция тарту және алдағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
«Біз цифрландыру ең алдымен адамдар мен тең мүмкіндіктер туралы екеніне сенімдіміз. Елді мекенде қанша адам тұратынына қарамастан, бірде-бір ауыл назардан тыс қалмауы керек. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып келеміз. Ауыл қаншалықты шалғай орналасса да, байланыс желілерін тарту қаншалықты қиын болса да, ауыл баласының білім алу мүмкіндігі қаладағы құрдасымен бірдей болуы тиіс. Сапалы интернет балаларға заманауи білім алуға, жастарға жаңа мамандықтарды меңгеруге, ал кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ұсынамыз», – деді Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан.
Компания өкілдерінің айтуынша, ауылдарды интернетпен қамту кезінде аумақтың ерекшелігі мен халық саны ескеріледі. Осыған байланысты қолданылатын технологиялар да әртүрлі болуы мүмкін. Негізгі бағыттардың бірі – FWA технологиясы арқылы сымсыз кеңжолақты интернет ұсыну. Бұл шешім әр үйге жеке кабель тартпай-ақ интернетке қосылуға мүмкіндік береді.
«Біз ауылдық жерлерде заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ұмтыламыз. Нақты жоспарларымыз бар, алайда олардың жүзеге асуы көбіне қажетті инфрақұрылымның болуына байланысты. Елімізде мыңдаған отбасы тұратын елді мекендермен қатар, бірнеше ондаған үйден тұратын шағын ауылдар да бар. Сондықтан жұмыстың негізгі бағыттарын айқындадық. Соның бірі – FWA технологиясы арқылы сымсыз интернетті дамыту», – деді «Ауыл Телеком» ЖШС бас директоры Амирали Сейлов.
Меморандум аясындағы жұмыс ауыл тұрғындарының мемлекеттік онлайн-қызметтерді пайдалануына, қашықтан білім алуына, өз кәсібін дамытуына және заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуіне жол ашады.
Бұл жоба өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі басқа да бастамаларды толықтырады. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 281 ауылға жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Ал Starlink және OneWeb жүйелерін қоса алғанда, жаңа буын спутниктік терминалдары қазірдің өзінде 80 ауылдық елді мекенде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар негізгі автомобиль жолдарының бойында жаңа байланыс мұнаралары салынуда.
Өңірде байланыс сапасы төмен немесе байланыс мүлде жоқ деп анықталған 90 учаскенің 71-інде мәселе шешімін тапты.









