Бұқар жырау ауданында тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Бұл тақырыпқа арналған семинар мен дөңгелек үстелге мектеп директорларының орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде Бұқар жырау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Азамат Ержанов аудандағы интернет-алаяқтық деректеріне тоқталып, қылмыстың бұл түріне қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

— 2026 жылдың басынан бері ауданда интернет-алаяқтықтың 22 дерегі тіркелді. Көбіне қаскөйлер өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады, жалған инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынады, тауарлар мен қызметтерді сату кезінде азаматтарды алдайды. Сондай-ақ WhatsApp аккаунттарын бұзып, иелерінің атынан ақша сұрайды. Былтыр мұндай қылмыстардан келген шығын 100 миллион теңгеден асты. Ал биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 50 миллион теңгеге жуықтады, — деді Азамат Ержанов.

Киберқылмыспен күресу үшін полиция арнайы ақпараттық жүйелерді пайдаланады. Жыл басынан бері заң талаптарына қайшы келетін интернет-ресурстарды бұғаттау мақсатында «Кибернадзор» жүйесіне 250 сілтеме жолданған.

Сонымен қатар Anti-fraud жүйесінде 12 оқиға тіркеліп, ұрланған ақшаны аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттарын пайдалануға берген 52 адам анықталған. Мұндай адамдар дроптар деп аталады. Полиция осы деректер бойынша жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу және ақшаны қайтару бағытында тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мектептерде, медициналық мекемелерде және шағын әрі орта бизнес нысандарында тұрақты кездесулер өткізу ұсынылды. Мұндай шаралар тұрғындарға алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдерін танып, күмәнді әрекеттерден сақтануға көмектеседі.

Семинар мен дөңгелек үстел «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылды.

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша









