Халықаралық туризм және меймандостық университетінің (IUTH) бірінші курс студенттері Rixos Turkistan қонақүйіне барып, меймандостық индустриясының жұмысымен және халықаралық қызмет көрсету стандарттарымен танысты.
Танымдық экскурсияға «Туризм және меймандостық индустриясын ұйымдастыру» және «Халықаралық және ішкі туризм» бағыттары бойынша білім алып жатқан 50-ден астам бірінші курс студенті қатысты.
Экскурсия барысында студенттер қонақүйдің күнделікті жұмысы, қонақтарға қызмет көрсету тәртібі, сервис сапасына қойылатын талаптар және түрлі бөлімдердің қызметі туралы мағлұмат алды. Мұндай кездесулер болашақ мамандарға алғашқы курстан бастап таңдаған кәсібінің қыр-сырын меңгеруге және саладағы жұмыстың ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.
Туризм саласына білікті маман даярлау – Туризм және спорт министрлігі жұмысының басым міндеттерінің бірі. Осы бағытта Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті маңызды рөл атқарады. Аталған білім ордасы – елімізде туристік индустрияға маман даярлауға бағытталған алғашқы бейінді жоғары оқу орны.
2026-2027 оқу жылында университетте 2 772 студент білім алып жатыр. Бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде 14 білім беру бағдарламасы іске асырылып, туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесі мен меймандостық индустриясының өзге де бағыттары бойынша маман даярланады.
Университетте теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Дуальды оқыту жүйесі аясында студенттер алған білімін нақты жұмыс орнында шыңдайды. Бүгінде 850-ден астам студент қонақүйлерде, мейрамханаларда және туристік ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтуде.
Маман даярлау жұмысының нәтижесі түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішінен де байқалады. Атап айтқанда, бүгінде оқу орнының алғашқы түлектерінің 95 пайызы жұмыспен қамтылған.





