Будапештте Қазақстан киносы күндері өтіп жатыр

    1 / 3

    Венгрия астанасы Будапештте Қазақстан киносы күндері өтіп жатыр. Шетелдік көрерменге еліміздің тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтарын танытатын үш отандық фильм көрсетіледі. Көрсетілім тарихи Uránia National Film Theatre кинотеатрында ұйымдастырылған.

    Кино күндері қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әміре» тарихи-өмірбаяндық фильмімен ашылды. Сондай-ақ көрермен «Қайтадан» (Restart) фильмін тамашалады. Бағдарлама ана махаббаты, отбасындағы құндылықтар, күрделі тарихи кезеңдегі адам тағдырын баяндайтын «Анаға апарар жол» драмасымен аяқталады.

    Іс-шараға дипломатиялық корпус, мемлекеттік және мәдениет мекемелерінің, кино саласының өкілдері, Венгриядағы қазақ диаспорасы және осы елде білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әнел Бақытбекқызы құттықтау сөз сөйледі.

    Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының атынан Гүлзат Шүренова-Калищук қатысты. «Әміре» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Санжар Мәди мен «Қайтадан» фильмінің продюсері Жалын Тілеубергенов өз туындылары туралы айтып, түсірілім барысындағы тәжірибелерін ортаға салды.

    Қазақстан киносы күндері отандық фильмдерді шетелде кеңінен танытуға, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан мен Венгрия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Мұндай іс-шаралар шетелдік көрерменнің еліміздің тарихы, мәдениеті және бүгінгі кино өнері туралы танымын кеңейтеді.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары