Алматы облысында жыл бойы демалуға арналған туристік инфрақұрылым дамып келеді

    Алматы облысы еліміздің туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі ретінде дамуын жалғастыруда. Табиғаты көркем аймақтар, тау бағыттары мен заманауи инфрақұрылым отбасылық, белсенді және жыл бойғы демалысты дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр.

    2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі орналастыру орындарында 658,5 мың туристке қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,8%-ға көп. Облыста 283 орналастыру орны жұмыс істейді.

    Өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуына мысал ретінде Талғар тауларының етегінде орналасқан AQUASIA RESORT демалыс кешенін атап өтуге болады.

    Кешен аумағында швейцариялық шале үлгісінде салынған 49 демалыс үйі, мейрамхана, SPA аймағы, бассейндер, балалар ойын алаңы және түрлі іс-шаралар өткізуге арналған орындар бар.

    Кешенде жылдың төрт мезгілінде де демалуға мүмкіндік жасалған. Жазда су сырғанақтары мен бассейндері бар аквапарк жұмыс істесе, қыста ашық аспан астындағы жылытылатын бассейн, монша кешені, тюбинг сырғанағы мен шаңғы тебуді жаңадан үйренушілерге арналған мектеп қызмет көрсетеді.

    Белсенді демалысты ұнататындар үшін пейнтбол және нысана көздеп ату алаңы қарастырылған. Сондай-ақ Талғар тауларының маңында атпен серуендеуге, квадроциклдер мен қарда жүретін көліктерге мініп, табиғаты көркем бағыттарды аралауға болады.

    Осындай нысандардың дамуы өңірдегі демалыс түрлерін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.

    Әсіресе туристерді тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы қабылдай алатын инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл туризмнің маусымға тәуелділігін азайтып, саяхатшылардың өңірде ұзақ уақыт болуына және Алматы облысының туристік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті" жаңалықтары