Маңғыстау мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

    1 / 4

    Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Биралмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту, көлік-логистика, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

    Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, Түркиямен өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

    -Маңғыстау облысы халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда және көлік-логистикалық бағыттарды кеңейтуде айрықша орын алады. Инфрақұрылымды дамыту арқылы Ақтау қаласының Орта дәліз бойындағы жетекші көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Түркиямен сауда-экономикалық байланыстарымыз тұрақты түрде жалғасып келеді. Біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

    Өз кезегінде Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Бирал екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың маңызын атап өтіп, Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

    -Маңғыстау өңірі - Орта дәліздің маңызды буындарының бірі. Мұнда тұратын түркиялық азаматтар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Білім беру саласында да өзара байланыс бар. Алдағы уақытта гуманитарлық және білім беру салаларындағы, сондай-ақ басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз, - деді Эмре Бирал.

    Айта кетейік, Түркия Республикасы Маңғыстау облысының маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңір мен Түркия арасындағы сыртқы сауда айналымы 16 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 11 млн, импорт көлемі 5 млн АҚШ долларына жетті.

    Сонымен қатар, Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 118 кәсіпорын тіркелген.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары