Қазақстанның Черногориядағы Бас консулы Подгорицедегі туристік форумға қатысты

    1 / 5

    2026 жылғы 12-13 қазанда Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Подгорица қаласында Черногория Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік туристік ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен «Еуропа - Азия» жоғары деңгейдегі өңіраралық туристік форумына қатысты.

    Іс-шараға Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Черногория, Грузия, Албания, Аустрия, Андорра, Грекия, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария, Зимбабве, Бразилия, Тимор-Лесте, Мальдив аралдары, Мальта, Чехия, Кипр, Бангладеш, Самоа, Малайзия, Словения, Италия, Солтүстік Македония, Түркия және Моңғолия өкілдері қатысты.

    Форум барысында туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, туристік нарықтардың өзара байланысын кеңейту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Қатысушылар адам капиталын дамыту, білікті мамандар тапшылығын еңсеру, цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, визалық рәсімдерді жеңілдету, әуе қатынасын кеңейту және тұрақты инвестицияларды ынталандыру жөнінде пікір алмасты.

    Форумның екінші күні халықаралық инвесторлар, қаржы институттары мен туристік компаниялар өкілдерінің қатысуымен инвестициялық форум өтті. Онда Черногорияның басым туристік жобалары таныстырылып, жағалаудан тыс өңірлердің туристік әлеуетін дамыту және инвестицияларды ел аумағында теңгерімді орналастыру мәселелері қаралды.

    Инвестициялық форумға Agalarov Development (Sea Breeze), BIG Group, Iberostar Group, JTB Corp., Ensana, Leonardo Hotels, Pasha Hospitality, Ara Hotels & Resorts, Adriatic Marinas (Porto Montenegro), Portonovi, Luštica Development, Kotor Cable Car, Casa del Mare, Bigova Bay, Addiko Bank және Дүниежүзілік банк тобының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Дүниежүзілік туристік ұйымының «Tourism Doing Business - Investing in Montenegro» атты инвестициялық құжаты таныстырылды.

    Форумда Черногорияның солтүстік өңірлерінде сауықтыру, шытырман оқиғалы, ауылдық және жыл бойы жұмыс істейтін туризмді дамыту мүмкіндіктеріне назар аударылды. Қатысушылар туризмге ұзақ мерзімді инвестициялар тарту және саланың пайдасын жергілікті қоғамдастықтарға жеткізу жөніндегі тәсілдерді талқылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулдығы" жаңалықтары