Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев: Әлеуметтік қолдауды бөлу кезінде кірістермен қатар шығыстар да ескеріледі

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев: Әлеуметтік қолдауды бөлу кезінде кірістермен қатар шығыстар да ескеріледі

    Құрылтай отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев депутат Наталья Рамазанованың Цифрлық отбасы картасын қалыптастыру тетігі туралы қойған сауалына жауап бере отырып, отбасы санатын (А, В, С, D және Е) айқындау кезінде бүкіл отбасы мен үй шаруашылығына қатысты деректер жиынтығы негізге алынатынын атап өтті.

    «Мұнда жалақы немесе мүлік сияқты тек бір фактор ескерілмейді. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік дерекқорлардан үй шаруашылығы туралы сегіз негізгі бағыт бойынша 50-ден астам көрсеткішке қатысты мәлімет жинайды. Олардың қатарында жұмыспен қамту, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несиелік жүктеме, білім беру және басқа да мәліметтер бар. Үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайы туралы жалпы мәліметтер негізінде оның санаты айқындалады», — деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.

    2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың жекелеген шараларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Төлемдерге құқықты айқындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларға жататын «А» және «В» санатындағы отбасылар мұндай қолдау шараларына үміткер бола алмайды. Сонымен қатар министр кірістермен қатар шығыстар да ескерілетінін атап өтті. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынады. Жүйе үй шаруашылығының қаржылық жағдайындағы өзгерістерге жедел ден қояды.

    «30 дерекқормен ықпалдастырылған мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады, ал отбасының санаты ай сайын айқындалады. Мәселен, қазан айында “В” санатында болған отбасы белгілі бір тәуекелдерге байланысты желтоқсан айында “С” санатына ауысса, оған мемлекеттік қолдау шаралары бірден, проактивті түрде тағайындалады»,

    — деп түйіндеді сөзін Асқарбек Ертаев.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті" РММ" жаңалықтары