Нашақорлыққа жол жоқ

    Наркомания – есірткі заттарға деген дертті (патологиялық) құмарлықпен сипатталатын жағдай. Бүгінгі таңда мұндай заттардың қатарына 200-ден астам атау жатқызылған, олардың арасында опий, гашиш, кокаин және дезоморфин бар. Наркомания кезіндегі тәуелділік психикалық ауытқулармен, ал кейбір пациенттерде соматикалық (дене) бұзылыстарымен қатар жүреді.
    Наркомания – бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Есірткі заттарға деген тәуелділіктің талай жанның тағдырын талқандағанын көріп те, біліп те жүрміз. Бір адамның нәпсісі мен теріс әрекеті бүкіл отбасы мен жақындарының өміріне кері әсерін тигізетіні өкінішті-ақ.

    Наркомания (грек тілінен narke – ұйып қалу, жансыздану және mania – ессіздік, жындылық) – есірткі заттарға патологиялық тұрғыда бой үйрету салдарынан пайда болатын созылмалы ауру. Наркомания салдарынан адамның ішкі ағзалары ғана емес, сонымен бірге жүрегі, жүрек қантамырлары, жүйке, ас қорыту және эндокриндік жүйелері де зақымданады. Наркомания – бұл ауру, бірақ көбіне ол адамның өз еркімен басталады. Нашақор 1 жыл ішінде бұл іске кемінде 5 адамды тартып, оларға да дерт жұқтырады.

    Алғашында есірткі заттарды қызығушылықпен қолданып көретін адамдар өте көп. Бұған интернеттегі ақпараттың ашықтығы, топтық психология және еліктеушілік ықпал етеді. Білместікпен және «көрейінші» деген әуестікпен пайдаланғандар оңай тәуелді болып қалады. Дегенмен, олар бұл қызығушылықтың салдары туралы әрқашан ойлана бермейді. Шын мәнінде, есірткіні жүйелі түрде пайдалану үлкен қаржыны талап етеді. Қолдарында қаражаты жоқтар көбіне алдымен өз отбасының бағалы заттарын сатады, содан кейін қылмысқа барады. Түптеп келгенде, бір қылмыс екінші қылмысты тудырады.

    Қылмыстық кодексте есірткі құралдарын пайдалану, өткізу (сату) және тасымалдаушылар үшін жаза қарастырылған. Бірақ бұдан кейін көпшілігі есірткіден бас тартты деп айта алмаймыз. Есірткі заттарын тасымалдап, жеткізіп жүрген жастар «ешкімге зиян тигізбейміз, нашақорлар бәрібір өзіне керегін табады, біз неге жазалануымыз керек» деп қате ойлайды. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Денсаулық – зор байлық. Өмірің жарқын, болашағың зор болып, елдің сыйлы азаматы болғың келсе, денсаулығыңды күтуің қажет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жітіқара ауданының әкімдігі" жаңалықтары