Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттер Көлік министрлерінің 14-кездесуіне қатысу үшін Астанаға сапармен келген ЭЫҰ Бас хатшысы Асад Маджид Ханды қабылдады.
А.Исағалиев халықаралық көлік дәліздерін дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан Қазақстанның негізгі қатысушылардың бірі ретінде ЭЫҰ аясындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Осыған байланысты басым бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылдың маңыздылығын және бірлескен жобаларды іске асыру қажеттігін атап өтті.
А.М. Хан Қазақстанның Ұйым қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Тараптар сондай-ақ ү.ж. 15-16 қарашада Исламабад қаласында өтетін ЭЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 30-отырысына дайындық барысын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.









