Елорда полициясы интернет-алаяқтарға ақшаңызды иемденуге жол бермеулеріңізді ескертеді!

    Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлескенде, интернет арқылы сауда жасағанда және мобильді қосымшаларды пайдаланғанда сақ болуға шақырады. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсету арқылы алдаудың түрлі тәсілдерін қолдануды жалғастыруда.
    Олар өздерін банк, құқық қорғау органдарының, байланыс операторларының және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар күмәнді операциялардың алдын алу, ақшаны қорғау немесе заңсыз рәсімделген кредиттерді анықтау сылтауымен азаматтардың банк шоттары мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады.
    Алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің бірі телефон қоңырауынан басталады. Белгісіз адам банк шотында күмәнді операция жасалғанын айтып, шұғыл шара қабылдау қажеттігіне сендіреді. Психологиялық қысым көрсету арқылы SMS-кодты, банк картасының деректерін айтуды, белгілі бір қосымшаны орнатуды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.
    Нәтижесінде алаяқтардың нұсқауларын орындаған азаматтар өз жинақтарынан айырылып қалуы немесе салдары ауыр болуы мүмкін қаржылық операцияларға тартылуы ықтимал.
    Алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі интернет-платформаларда жалған хабарландырулар жариялаумен байланысты. Олар тауарларды нарықтағы бағадан төмен ұсынып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Ақшаны алғаннан кейін сатып алушымен байланысын үзеді. Кейбір жағдайларда ақша ұрлау үшін ресми төлем сервистеріне ұқсас жалған сайттар мен сілтемелер пайдаланылады.
    Сондай-ақ таныстарыңыздан қарызға ақша сұраған хабарламаларға да сақтықпен қарау қажет. Мұндай жағдайда хабарлама жіберушінің аккаунты бұзылып, хат алмасуды бөгде адамдар жүргізуі мүмкін.
    Астана қаласының Полиция департаменті ескертеді: банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері SMS-кодтарды, банк қосымшаларының құпиясөздерін сұрамайды және ақшаны «қорғау» үшін бөгде шоттарға аударуды талап етпейді.
    Полиция елорда тұрғындарын қырағы болуға, құпия деректерді беруді немесе ақша аударуды талап ететін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Есіңізде болсын: алаяқтар көбіне сенімді көрінетін сылтауларды пайдаланып, адамға асығыс шешім қабылдату арқылы жағдайды байыппен бағалауына кедергі келтіреді.
    Цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау және құқық бұзушылық туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау интернет-алаяқтықтың құрбаны болу қаупін азайтуға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары