Атырауда жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында абаттандыру қағидаларын бұзудың 5 110 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 286 дерегі тіркелді.
Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 94 тұлға бір жыл ішінде осыған ұқсас әрекетті қайталап жасаған. Барлық дерек бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, 11 қазан күні сағат 16:21 шамасында Атырау қаласындағы Азаттық көшесінде 1974 жылы туған ер адам қоқыс қалдықтарын шығарып, абаттандыру қағидаларын бұзған.
Сонымен қатар, 28 қыркүйек күні Құрманғазы ауданының Қыдыр ата көшесіндегі үйлердің артында орналасқан қоқыс контейнерлерінің уақытылы тазаланбағаны анықталды. Аумақты күтіп ұстауға жауапты мекемелердің бірі өз міндеттерін тиісінше орындамағандықтан, контейнерлер шамадан тыс толып, тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылған.
Тексеру нәтижесінде аталған мекеменің абаттандыру қағидаларын бұзуды бір жыл ішінде қайталап жасағаны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция ескертеді!
Қоқыс пен өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастағаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Азаматтарды тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаны ластамауға және қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамауға шақырамыз.









