«ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ»: ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНДА «ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ» АЯСЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ ӨТТІ

    2026 жылғы 9 қазанда Шал ақын ауданында білім беру ұйымдарындағы «Әжелер мектебі» қызметі аясында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шал ақын аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Абысын – ажын» атты тағылымды кеш өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеу, аналар өнегесін насихаттау, абысындар арасындағы сыйластық пен татулықты нығайту, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын сақтау және ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Тағылымды кеш барысында қатысушыларға Шал ақын ауданының тарихы мен мәдениетін таныстыратын бейнеролик көрсетіліп, абысындар өздерін таныстырып, отбасы құндылықтары мен өзара сыйластық туралы жүрекжарды тілектерін жеткізді. «Ауыл қарттары» атты монолог арқылы үлкендердің өнегелі сөзі мен өмірлік тәжірибесінің маңызы айшықталды. Сонымен қатар «Телефон төрге шыққанда» атты көрініс арқылы отбасындағы қарым-қатынастың, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлінің маңыздылығы көрсетілді. Көрермендерге мәдениет үйі өнерпаздарының әндері ұсынылып, ұлттық өнердің тәрбиелік мәні дәріптелді. Кештің ерекше бөліктерінің бірі – «Қыз баладан – ақ жаулықты әжеге дейін» атты ұлттық бас киімдер мен қолөнер таныстырылымы болды. Онда қазақ әйелінің өмір жолы, қыз тәрбиесі, келін әдебі, ананың мейірімі мен әженің даналығы ұлттық дәстүрлермен сабақтастырыла көрсетілді. Ал «Ақ орамал» қойылымы ананың ақ тілегі мен мейірімін, отбасы берекесі мен ұлттық тәрбиенің терең мәнін бейнеледі. Шара соңында қатысушылардың орындауындағы «Қазақтың келіндері-ай» әні кештің жарқын қорытындысына айналды. Тағылымды кездесуде отбасы тәрбиесінің негізі ұлттық құндылықтардан басталатыны, аналар мен әжелердің жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны ерекше екені кеңінен насихатталды. Өйткені әже – ұрпаққа өнеге беретін тәрбие мектебі, ана – отбасының ұйытқысы, ал дәстүр – ұлттың рухани қазынасы. «Әжелер мектебі» – ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды тәрбие алаңы. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы ұлттық мұраларымыз дәріптеліп, отбасындағы сыйластық пен татулықтың маңызы арта түседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы"коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Шал ақын ауданының білім бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары