Қарағандыда өмірдің сынағына мойымаған қайсар рухты, өнерге деген шексіз сүйіспеншілікті және адам жігерінің құдіретін дәріптейтін тағылымды кездесу өтті.
Қарағанды облысының тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның ізгі ниет елшісі, халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі, белгілі суретші Кәріпбек Телтайұлы Күйіковтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» атты автобиографиялық кітаптарының тұсаукесері өтті.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған рухани-танымдық шара автордың тағдырлы өмір жолын, шығармашылық әлемін және қоғамдық қызметін кеңінен таныстыруға арналды. Кездесу барысында суретшінің туындылары мен тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертетін бейнебаян көрсетілді.
Өмірге құштарлық пен қайсар рухтың шежіресі
Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей мен Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Сайфиддинұлы Қобжанов қатысты.
Жаңа басылымдардың оқырманға жол тартуы қазақ халқының «тұсау кесу» дәстүрімен сабақтасып, ерекше мазмұнға ие болды. Ұлттық дәстүр аясында кітаптарға ақжолтай тілектер айтылып, автордың шығармашылық еңбегіне құрмет көрсетілді.
«Қайсар рух» пен «Жизнь без рук» - Кәріпбек Күйіковтің өмір жолын ғана емес, оның бойындағы қайсарлықты, табандылықты және өмірге деген шексіз құштарлықты танытатын туындылар. Бұл кітаптар оқырманды кез келген қиындыққа мойымай, өз мақсатына сеніммен қадам басуға үндейді.
Димаш Құдайбергеннен жүрекжарды бейнеүндеу
Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі - әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің бейнеүндеуі болды. Бұған дейін өнер иесі Кәріпбек Күйіковтен кітапты қабылдап, оны оқып шыққаннан кейін өз әсерімен әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен болатын.
Бұл сәт шығармашылық тұлғалар арасындағы рухани үндестікті айқындап, кітаптың мазмұны мен автор көтерген идеялардың кең аудитория үшін маңызын көрсетті.
Кездесу барысында Кәріпбек Телтайұлы кітаптарының жазылу тарихына тоқталып, шығармаларының негізгі идеяларымен бөлісті. Автор өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық ізденістері туралы әңгімелеп, оқырмандарға кітаптардың астарындағы терең ойды жеткізді.
Сондай-ақ ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бағдат Мүбарак кеш қонақтарына «Рух» атты арнауын оқып берді. Поэзиялық туынды кездесудің мазмұнын байытып, қайсарлық пен адам рухының биіктігін дәріптеген тағылымды шараның әсерін күшейте түсті.
Қайсар рух - өмірге деген сенімнің символы
Кәріпбек Күйіковтің өмірі мен шығармашылығы - адам мүмкіндігінің шексіздігін, жігер мен сенімнің кез келген кедергіден биік тұратынын дәлелдейтін жарқын өнеге. Оның өнері арқылы әлемге жолдаған үндеуі бейбітшілік, адамгершілік және ядролық қарусыз болашақ идеяларымен тығыз байланысты.
«Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптары - бір адамның ғұмырнамасы ғана емес. Бұл - қиындыққа мойымаудың, өмірді сүюдің, өнерге адалдықтың және армандарға жету жолында табандылық танытудың жарқын үлгісі.
Өйткені қайсар рух -тағдырға қарсы тұру ғана емес, қандай жағдайда да өмірден мән тауып, өз шуағыңмен өзгелерге үміт сыйлай білу.









