Ұлытау облысында «Антифрод» жүйесі арқылы интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 20 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Сонымен қатар 15 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталды.
Өңірде интернет-алаяқтықтың 167 фактісі тіркеліп, 47 іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Жәбірленушілердің басым бөлігі — 50 жастан асқан азаматтар.
Алаяқтыққа қарсы жұмыс аясында 370-тен астам дроппердің банктік шоттары бұғатталды. Дропперлер — алаяқтық жолмен алынған қаражатты қабылдау немесе аудару үшін банк шоттары пайдаланылатын адамдар.
Полиция азаматтарды телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдарға жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін және SMS-кодтарды бермеуге шақырады. «Қауіпсіз шотқа» ақша аудару туралы талаптарға сенбеу қажет. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқаныңыз жөн.
Алаяқтыққа тап болсаңыз, дереу банкке және полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.








