Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық кеңейеді
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алимирзамин Аскеровпен кездесті. Кездесуде көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін дамыту және өңірлер арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың географиялық орналасуы халықаралық көлік дәліздерін дамытуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Маңғыстау облысы мен Әзербайжанның транзиттік, көлік-логистикалық, инфрақұрылымдық және сервистік әлеуеті халықаралық маңызға ие. Бүгінде Ақтау мен Баку қалалары авиация, теміржол, автомобиль және теңіз көлігі тоғысқан ірі көлік-логистикалық хабтарға айналып келеді. Біз логистикалық инфрақұрылымды нығайту, порттардың өткізу мүмкіндіктерін кеңейту және жүк транзитіне қатысты жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Өз тарапымыздан екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға әрдайым әзірміз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Алимирзамин Аскеров Қазақстан мен Әзербайжанның бауырлас мемлекеттер екенін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ көлік дәліздерін дамыту мен транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы әріптестікті дамытуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 16 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Маңғыстау облысында Әзербайжан капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 311 кәсіпорын тіркелген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









