Ақтөбе облысында ересектер арасында ушу-саньдадан облыстық чемпионат өтті. Жарысқа ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің артиллериялық-зениттік дивизионының әскери қызметшілері қатысып, нәтижесінде екі алтын және бір қола медаль иеленді.
Бірінші орынды қатардағы жауынгер Саят Серікбай мен ефрейтор Ізгілік Марданов иеленді. Екеуі де өз салмақ дәрежелерінде үздік нәтиже көрсетіп, облыс чемпионы атанды. Ал қатардағы жауынгер Дархан Жақсыгелді жарыстың қола жүлдегері атанды.
Ушу-саньда қолмен және аяқпен соққы жасау техникасын күрес әдістері мен лақтыру элементтерімен ұштастырады. Бұл жекпе-жек түрі спортшылардан жоғары дене дайындығын, жылдам әрекет етуді, төзімділікті және жекпе-жек барысында тез шешім қабылдай білуді талап етеді.
Ұландықтар үшін спортпен шұғылдану дене даярлығының маңызды бөлігі саналады. Жүйелі жаттығулар күш-қуатты арттыруға, қимыл үйлесімділігі мен төзімділікті дамытуға ықпал етеді. Бұл қасиеттер спорттық жарыстарда ғана емес, қызметтік міндеттерді орындау кезінде де маңызды.








