150 спортшы, 12 спорт түрі: Қазақстан құрамасын Азия Пара ойындарына шығарып салу рәсімі өтті

    1 / 4

    Елордада V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Сары құрлық бәсекесі 18-24 қазан күндері Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Салтанатты жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен қоғам өкілдері қатысты.
    Іс-шара барысында V Азия Пара ойындарының ашылу рәсімінде Ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. Жапониядағы байрақты бәсекенің ашылу салтанатында еліміздің байрағын пара жеңіл атлетикадан Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері, 2023 жылғы Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Аяла Мереке алып шығады. Өз кезегінде Дастан Мұқашбеков Ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.

    Қазақстан құрамасынан дүбірлі додаға 150 пара спортшы және 49 жаттықтырушы қатысады. Олар 12 спорт түрінен (волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара жеңіл атлетика, пара садақ ату, пара жүзу, арбадағы теннис, пара пауэрлифтинг, бочча және пара велоспорт) өнер көрсетеді.

    Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы 24 елордалық спортшы пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара велоспорт, пара дзюдо, бочча және волейболды отырып ойнау бойынша жарыстарға қатысады. Олар жекелей және командалық сайыстарда ел намысын қорғап, жүлделі орындар үшін бақ сынайды.

    «Азия пара ойындары әр мемлекет үшін, Азияның мемлекеттері үшін үлкен дүбірлі дода. Бұл жарыста жалпы командалық есеп жүргізіледі. Сондықтан сіздердің бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектеріңіз, қайсар мінездеріңіз еліміздің туын биікке шығарады деген сенімдеміз. Қазақстан құрамасы Пара Азия ойындарына 2010 жылдан бастап қатысып келе жатыр. Көптеген жетістікке жеттік. Оның ішінде біз пара волейболдан, пара дзюдодан, пара таеквондодан, пара жүзуден және пара каноэ түрлі спорттан жақсы өнер көрсетіп нәтижелер бергенбіз. Сондай-ақ Зүлфия Габидуллина, Ақмарал Науатбек, Давид Дегтярев сынды пара спортшыларымыз Азия Пара ойындарындағы жетістіктерін Паралимпиададағы жеңіске ұластыра білді.

    Осы жолы да волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатының қола жүлдесін алғаш рет жеңіп алған отандастарымыз, сондай-ақ пара жеңіл атлетика мен пара жүзуден халықаралық жарыстарда жетістікке жеткен спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін», - деді Ербол Мырзабосынов.

    Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан паралимпиадалық командасының тарихында алғаш рет «Жеңіс» атты маскот көпшілікке таныстырылды.
    Қазақстан Азия Пара ойындарында 2010 жылдан бері қатысып, жалпы 105 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 35 күміс және 50 қола медаль бар.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары