Cмартфон арқылы полицияға хабарласып, қажетті көмекке жүгінуге болады. Осы орайда Абай облысының полицейлері тұрғындарға "102" мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін түсіндіріп, оны пайдаланудың артықшылықтарын еске салуда.
Семей қаласында тұрғындардың қосымша туралы қаншалықты хабардар екенін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Қатысушылардың басым бөлігі сервисті бұрыннан пайдаланып жүргенін және оның қолайлылығын атап өтті. Ал кейбір тұрғындар үшін қосымшаның мүмкіндіктері жаңалық болды. Олар қажеттілік туындаған жағдайда сервисті пайдалануға дайын екенін жеткізді.
"102" мобильді қосымшасы арқылы полицияға хабарлама жіберіп, оқиға орнынан фото мен бейнематериалдарды тіркеуге болады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен аудио және бейнебайланыс орнату мүмкіндігі қарастырылған. Қосымшаны App Store және Google Play платформаларынан жүктеп алуға болады.
Полиция азаматтарды құқық бұзушылықтар мен көмек қажет ететін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға шақырады. Хабарлама жіберген кезде оқиғаның нақты мекенжайы мен мән-жайын көрсету маңызды. Бұл полиция қызметкерлеріне жағдайды жедел бағалап, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әрбір тұрғынның қосқан үлесі маңызды. Кей жағдайда уақытылы жасалған бір хабарлама адам өмірін сақтап, келеңсіз оқиғаның алдын алуға көмектесуі мүмкін.









