Алдағы үш жылда Ақмола облысындағы 337 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Газбен жабдықтау ауқымын кеңейтуде «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырының құрылысы маңызды рөл атқарады. Жоба аясында Көкшетау қаласына, Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Бурабай және Зеренді аудандарына табиғи газ жеткізіледі. Сонымен қатар тағы төрт аумақты газ магистраліне қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Қазіргі уақытта облыстың 26 елді мекеніндегі 226 мың тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілген. Газдандыру жұмыстары Аршалы және Целиноград аудандарын, сондай-ақ Қосшы қаласын қамтыды. Өңір халқының газбен қамтылу деңгейі 29 пайызды құрайды. Сонымен қатар бірқатар нысан жоспарланған мерзімнен бұрын пайдалануға берілді. Атап айтқанда, аяқталуы 2027 жылға жоспарланған кейбір жобалар биылдың өзінде жүзеге асырылды.
Келесі маңызды кезең – «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырының құрылысы. Ол «Сарыарқа» газ тасымалдау жүйесін солтүстік бағытта жалғастырады. Жаңа магистраль Көкшетау қаласы мен оған іргелес аудандарға табиғи газ жеткізуге жол ашады. Алдын ала есептеулер бойынша, жоба аясында 120 мыңнан астам абонентті қосу көзделген. Ал газбен қамтылатын әлеуетті тұтынушылар саны 480 мыңнан асады.
«Мемлекет басшысы2035жылға қарай елді мекендердің80пайызын табиғи газбен қамтамасыз ету міндетін қойды.Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.Қазір жобаның барлық қатысушысының жұмысын үйлестіріп,қажетті құжаттар мен инфрақұрылымды уақытылы дайындау маңызды.Газдандыру жоспарланған аумақтар бойынша бастапқы деректерді қысқа мерзімде жинап, «АстанаГаз КМГ»компаниясына жолдауды тапсырамын.Сонымен қатар газ құбырларының тармақтарын және тарату желілерін жобалау мәселелерін пысықтап,оларды қаржыландыру көздерін анықтау қажет.Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық жауапты тарап бірлесе жұмыс істеуі керек», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
«Астана – Көкшетау» магистральдық газ құбыры учаскесінің ұзындығы 330 шақырымнан асады. Жоба аясында компрессорлық станция және Көкшетау қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады. Құрылыс жұмыстарын 2027–2028 жылдары бастау жоспарланып отыр. Ал магистральды 2029 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген.
Газ тасымалдау жүйесінің дамуы халықты газбен қамтуды кеңейтумен қатар, өңірдің жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға да мүмкіндік береді. Алдағы уақытта табиғи газға 56 қазандықты, 301 мектепті, 16 аурухананы және әлеуметтік-мәдени саладағы басқа да 328 нысанды көшіру жоспарланған. Жобалау кезінде индустриялық аймақтар мен жұмыс істеп тұрған және болашақта іске қосылатын кәсіпорындардың қажеттіліктері де ескеріледі.
Газдандыру Көкшетау қаласының одан әрі дамуы үшін де ерекше маңызға ие. Қаланың жаңа бас жоспарының жобасына сәйкес, 2050 жылға қарай облыс орталығы халқының саны 500 мың адамға жетуі мүмкін. Халық санының өсуі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды едәуір кеңейтуді, соның ішінде жылумен жабдықтау қуатын арттыруды талап етеді.
Осыған байланысты өңірдің бастамасымен Премьер-министр Көкшетау жылу электр орталығының жобалық қуатын сағатына 520-дан 820 Гкал-ға дейін арттыру жөніндегі ұсынысты қолдады. Газ тасымалдау жүйесін дамыту қаланың болашақтағы қажеттіліктерін ескере отырып, оны энергия ресурстарымен ұзақ мерзімді қамтамасыз етудің маңызды факторларының біріне айналады.
Табиғи газға қолжетімділік қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға, жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және инвестиция тартуға да қосымша мүмкіндік береді. Өнеркәсіп үшін бұл – тиімді энергия көздерін пайдалану мүмкіндігі, ал өңір үшін экономикалық әлеуетті нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз қалыптастыру.
Сонымен қатар облыста газбен жабдықтау аумағын кеңейту мәселесі пысықталып жатыр. Атап айтқанда, Степногорск қаласын, Астрахан, Сандықтау аудандарын және Біржан сал ауданын газ магистраліне қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бағыттағы түпкілікті шешімдер техникалық және жобалық зерттеулердің нәтижелері бойынша қабылданады.
Табиғи газдың келуі тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып, үйлерді жылытуға жұмсалатын еңбекті азайтады. Көмір дайындап, оны сақтау, пеш жағу және күл шығару қажеттілігі төмендейді. Сонымен қатар табиғи газды пайдалану жылыту жүйелерінен бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтып, елді мекендердегі ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді.









