2026 жылғы 9 қазанда Бішкек қаласында Энергетика министрлігі мен «Газпром» Бірлескен үйлестіру кеңесінің газ саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға және стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған үшінші отырысы өтті. Қазақстан тарапынан отырысқа энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Ресей тарапынан «Газпром» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары – департамент бастығы Виталий Маркелов қатысты. Кеңес жұмысына екі елдің бейінді ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен «Газпром» басшылығы қатысты.
Отырыс барысында тараптар бірлескен жұмыс топтарының 2026 жылғы қызметін қорытындылап, газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, газбен жабдықтаудың сенімділігін арттыру, газды жерасты сақтау жүйесін жетілдіру, табиғи газды мотор отыны ретінде және өнеркәсіпте пайдалануды кеңейту, сондай-ақ ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қоса алғанда, өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын талқылады. Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Астана қаласын газбен қамтамасыз ету үшін газ тасымалдау қуаттарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Талқылау қорытындысы бойынша тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асырудың және басым бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі мен «Газпром» Бірлескен үйлестіру кеңесінің үшінші отырысының хаттамасына қол қойды. Бұдан бөлек, «Газпром Кыргызстан» ЖШҚ мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қол қойылған құжаттар бірлескен жұмыс нәтижелерін бекітуге және газ саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған.








