Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

    Рим, 2026 жылдың 7 қазаны – Италия Республикасына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі қазақстан-итальян үкіметаралық жұмыс тобының 10-отырысын өткізді. Сондай-ақ итальяндық компаниялар мен іскерлік бірлестіктердің басшыларымен бірқатар кездесу өтті.

    Жұмыс тобының отырысында итальяндық тарапты Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли басқарды. Тараптар бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысына шолу жасап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Басты назар өзара саудамызды әртараптандыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ энергетика, көлік пен логистика, агроөнеркәсіп кешені және басқа да болашағы зор салалардағы өзара іс-қимылға аударылды.

    2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауданың жалпы көлемі шамамен 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты шамамен 9 млрд доллар, Италиядан импорт 789,6 млн доллар болды. Сонымен қатар итальяндық өнімнің Қазақстанға жеткізілімі 13,5%-ға өсті.

    Тараптар басты міндеттердің бірі ретінде өзара саудаға одан әрі әртараптандыруды және қосылған құны жоғары өнімнің жеткізілімін арттыруды атап өтті. Қазақстан тарапының бағалауынша, отандық өнімнің Италия нарығына қосымша экспорттау әлеуеті шамамен 307,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ең мол мүмкіндік металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібінде, машина жасауда және басқа да салаларда бар.
    Іскерлік байланысты дамытудың маңызды практикалық құралы ретінде 2026 жылдың ақпанында Алматыда ашылған Қазақстан-Италия сауда үйі атап өтілді. Бұл алаң экспортты ілгерілетуге, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және екі елдің бизнесі арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған.

    Инвестициялық ынтымақтастыққа бөлек екпін жасалды. Бірлескен жобаларды ілгерілету үшін тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ екі елдің қаржы институттары мен іскер топтарының арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

    Орта Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді әрі тиімді мультимодальды дәліз ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға да көп көңіл бөлінді. Қазақстан итальяндық теміржол және логистикалық компанияларды Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Энергетика саласында тараптар дәстүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.

    Агроөнеркәсіп кешенінде өсімдік шаруашылығы, астық өңдеу және мал шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың болашағы талқыланды. Тараптар локализация деңгейін арттыру және құрамдас бөлшектер базасын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Мақсат – қазақстандық құрамдас бөлшектерді жаһандық жеткізу тізбегіне кіргізу.

    Сонымен қатар тараптар экология мен су ресурстарын орнықты басқару, туризм мен спорт, мәдениет пен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Климаттық бастамаларға, энергия тиімділігіне, декарбонизацияға, су ресурстары саласына заманауи инженерлік және цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ кәсіби және білім беру алмасуларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

    Үкіметаралық жұмыс тобының күн тәртібін практикалық тұрғыда жалғастырған сапардың іскерлік бағдарламасы болды. Итальяндық компаниялармен келіссөздердің басты тақырыбы – Қазақстан мен Италия бизнесінің практикалық өзара іс-қимылын кеңейту болды. Бұған қазақстандық өнімді ілгерілетуден және тікелей коммерциялық байланыс орнатудан бастап, инвестиция мен технология тартуға, бірлескен жобаларды іске асыруға дейінгі мәселелер кірді.

    Келіссөздердің едәуір бөлігі итальяндық және еуропалық бизнесті Қазақстандағы инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларға тартуға арналды. Blacktrace және Value Partners өкілдерімен нақты жобалар пулын қалыптастыру, инвесторлар мен технологиялық және инжинирингтік серіктестерді тарту мүмкіндіктері талқыланды. Перспективалы бағыттар ретінде сын материалдар мен сирек жер металдарын терең өңдеу, Орта дәліздің логистикалық инфрақұрылымын дамыту, су үнемдеу технологиялары, деректерді өңдеу орталықтары және жасанды интеллект инфрақұрылымы айқындалды. Қазақстан тарапы инвестиция тартумен қатар, инженерлік құзыреттер мен технологияларды локализациялауға, отандық мердігерлерді тартуға, кадр даярлауға және қазақстандық үлесті кезең-кезеңімен арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

    Іскерлік бағдарламаның маңызды бағыты қазақстандық өнім өндірушілердің Италия нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейту болды. Crai Mediterranea компаниясымен қазақстандық азық-түлік өнімдерін итальяндық бөлшек сауда желілеріне тікелей жеткізу, жекелеген дүкендерде пилоттық сөре ашу және кейін Gruppo CRAI желісі арқылы жеткізілім көлемін ұлғайту мәселелері қаралды. ASSOEBIOS-пен келіссөздер барысында қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын биоэнергетика саласында пайдалану үшін жеткізу перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, CoolXp компаниясымен Қазақстанды Орталық Азиядағы бизнесті кеңейту үшін пилоттық нарық ретінде пайдалану және жабдықтарды Астана мен Алматыда сынақтан өткізу мәселелері қаралды.

    Екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды дамыту мәселелері Италия-Қазақстан сауда палатасымен талқыланды. Тараптар тікелей іскерлік байланыстарды кеңейтуге, қазақстандық компаниялардың Италия нарығына шығуына және жаңа инвестициялық әрі экспорттық жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге уағдаласты. Кездесулер қорытындысы бойынша нақты жобалар мен әлеуетті серіктестерді айқындау, компаниялар арасында тікелей келіссөздер ұйымдастыру және ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін пысықтау көзделді. Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп, қажетті мемлекеттік органдармен, даму институттарымен және қазақстандық бизнеспен байланыс орнатуға қолдау көрсетуге дайын.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары