ТҮРКІСТАНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТЕДІ

    1 / 4

    Түркістан қаласында Кәсіподақтар күніне орай денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында алғашқы республикалық спартакиада өтеді. Бұл туралы өткен брифингте «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алиақпар Матишев хабарлады.

    «Ауқымды спорттық шараны «QazMed» салалық кәсіподағы ұйымдастырып отыр. Спартакиада 8-10 қазан аралығында өтеді. Оған еліміздің 11 өңірінен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысады. Спартакиаданың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестер арасындағы байланысты нығайту және кәсіподақтық ынтымақтастықты арттыру. «QazMed» кәсіподағы - денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық береді. Қазіргі таңда ұйымға 85 мыңнан астам медицина қызметкері мүше. Сонымен қатар, кәсіподақ - қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіби дамуына қолдау көрсету және өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс жүргізуде» - деп баяндады ұйым төрағасы.

    Сондай-ақ, баспасөз жиыны барысында Республикалық спартакиаданың бас төрешісі Елсияр Қанағатов спартакиаданың өту тәртібін түсіндірді.

    «Ауқымды спорттық додаға еліміздің 11 өңірінен 200-ден астам медицина қызметкері қатысады. Спартакиада бағдарламасына спорттың 6 түрі енгізілген. Атап айтқанда, қатысушылар волейбол, шағын футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және жеңіл атлетика бойынша бақ сынайды. Жарыс үш кезең бойынша ұйымдастырылған. Алдымен мекемеішілік жарыстар, кейін облыстық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен үздіктер республикалық финалдық кезеңде өнер көрсетеді. Спорттық бәсекелер Түркістан қаласындағы заманауи спорт нысандарында өтеді. Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 9 қазан күні сағат 17:00-де «Түркістан Арена» стадионында ұйымдастырылады» - деді спикер.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Қарғалы ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары