Қазақстан Африка елдерін Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастамаға қосылуға шақырды

    1 / 2

    Найроби, 2026 жылғы 6 қазан – Әлемнің түрлі өңірлерінде, соның ішінде Африка құрлығында жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар мен гуманитарлық дағдарыстар аясында халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) нормаларын сақтауды нығайту мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр.

    Найробиде Халықаралық Қызыл Крест Комитеті ұйымдастырған «Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі ұлттық комитеттер және одан тыс: Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық бастаманы және оның ұсынымдарын іске асыру» тақырыбында Шығыс Африка елдерінің өкілдерінің қатысуымен өңірлік семинар өтті.

    Іс-шара барысында 2024 жылы Қазақстанды қоса алғанда, алты мемлекет-құрылтайшының Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлесіп іске қосқан ХГҚ-ға саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастама талқыланды. Аталмыш бастама аясындағы жұмыстың маңызды кезеңі әрі қорытынды шарықтау шегі болатын, 2026 жылғы желтоқсанда Иорданияда «Humanity in War» атты жоғары деңгейдегі конференция өтеді.

    Семинарда сөз сөйлеу барысында Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Найробидегі БҰҰ кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов ХГҚ ережелерін, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтаудың, дауларды бейбіт жолмен реттеудің, превентивтік дипломатияны дамытудың және сенім шараларын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

    Елші Қазақстанның ХГҚ-ға саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастамаға адалдығын растады және Африка мемлекеттерін оған қосылып, халықаралық гуманитарлық-құқықтық жүйені одан әрі нығайтуға үлес қосуға шақырды.

    Анықтама:Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі Жаһандық бастама 2024 жылғы қыркүйекте Қазақстан, Бразилия, Қытай, Франция, Иордания және Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлескен бастамасы бойынша іске қосылды. Бүгінгі таңда Бастамаға әлемнің барлық құрлықтарынан 120 мемлекет қосылды, бұл халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын құрметтеу мен сақтауды нығайтуға деген кең халықаралық қызығушылықты растайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары