7-8 қазан күндері Жезқазған қаласы мен Талап ауылдық округінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қоюға бағытталған екі күндік кешенді оқу-жаттығулар өткізілді.
Оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты – бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар туындаған кездегі басқару органдарының, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығын тексеру, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру.
Алғашқы күні Жезқазған қаласының әкімдігінде жауапты мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиын барысында төтенше жағдайларға жедел ден қою, күштер мен құралдардың дайындығы, халықты хабардар ету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Қабден Шыңғысов атындағы №5 жалпы білім беретін мектепте өрт-тактикалық жаттығу ұйымдастырылды. Жаттығу барысында білім беру нысанында шартты өрт туындаған кездегі іс-қимылдар пысықталып, өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрекет ету дайындығына ерекше назар аударылды.
Екінші күні Жезқазған қаласы мен Талап ауылдық округінде кешенді оқу-жаттығулардың практикалық кезеңі өтті. Аталған кезеңде азаматтық қорғау қызметтері шартты төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін пысықтап, күштер мен құралдардың өзара үйлесімді жұмыс істеу деңгейін тексерді.
Практикалық іс-шаралар барысында жедел шешім қабылдау, ақпарат алмасу, авариялық-құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылын ұйымдастыру және төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша оқу тапсырмалары орындалды.
Екі күнге созылған кешенді оқу-жаттығулар азаматтық қорғау жүйесінің дайындық деңгейін бағалауға, жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын нығайтуға және төтенше жағдайларға ден қою тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік берді.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет!







