
Қазанның 8-күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласындағы жылу инфрақұрылымы нысандарын аралап, жүзеге асырылып жатқан жобаларды қарап шықты.
Жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қолданыстағы жылу жүйелерін жаңғырту және жаңа жылу қуаттарын іске қосу бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Солардың бірі – жаңа қазандықтың құрылысы. Нысанның жалпы жылу өндіру қуаты 363 Гкал/сағатты құрайды. Құны – 48 млрд теңге. Жоба үш іске қосу кешені арқылы жүзеге асырылады. Биыл құрылыс жұмыстарына Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен 6,8 млрд теңге бөлінді.
Жаңа қазандық Ақтаудың қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қолданыстағы жылу көздеріне түсетін жүктемені азайтады.
Облыс әкімі 3А, 3Б шағынаудандары мен Емдеу қалашығындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын да тексерді.
Мұнда 10,2 шақырым жылу желісі жаңартылады. Тозған құбырлар заманауи полимер құбырларға ауыстырылып, тиісті жабдықтар қойылады. Бұл жұмыстар тұрғын үйлер мен әлеуметтік және коммерциялық нысандарды жылумен қамтудың сапасы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Нұрдәулет Қилыбай сондай-ақ орталық жылу торабындағы жұмыстардың барысымен танысты. Нысанда жылу энергиясын тұтынушыларға тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға және қала әкіміне жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









